Конфессияаралық келісімді біз қалай түсінеміз

0
767

Қазақстан – көп ұлтты және көп конфессиялы мемлекет. Елімізде 130-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері өмір сүреді. Әр түрлі ұлт пен дін өкілдерінің елімізде тату-тәтті, тыныштықта өмір сүрулерінің негізі – қазақ ұлтының кең пейіл, бауырмалдылығы мен мемлекетіміздің көрегенді саясатты жүргізуі болып табылады.

            Конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту — саясаттан бөлек адамгершілік құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы – Елбасының жаһандық үнқатысуға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесі. Оның жемісін Елордамызда 2003 жылдан бері үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы арқылы көрсетудеміз. Мағыналы конфессияаралық орталық болып қалыптасқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі төңірегінде діни қауымдастықтар өзара түсіністік пен сыйластық табуда. Сонымен қатар, съезд әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің қазіргі заманғы шешімін таппаған жаһандық проблемаларды бірлесе шешуге бағдарланған мағыналы жиыны болып отыр. Тұңғыш Президентіміз Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған аса өзекті де, ауқымды бұл жобаға БҰҰ және ЮНЕСКО секілді басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері, белгілі саяси қайраткерлер, әлемдік сарапшылар жоғары баға беріп келеді.

Қазіргі таңда съезд барысында Елбасы берген нақты әрі мазмұнды ұсынымдар әлем қауымдастығы тарапынан қолдауға ие болып, сәтті орындалуда. Бұл ұсынымдардың ішінде жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарасты қалыптастыру, жаңа дүние тәртібін жоғары адамгершілік пен руханилыққа негіздеу, әлемдік дағдарысқа моральдық нормалар мен биік адамгершілік қағидаттарын қатаң сақтау арқылы қарсы тұру секілді идеялар Қазақстанның жаһан жұртшылығының алдындағы беделін көтерді.

Толеранттылық пен діни тағаттылық – конфессияаралық келісімді орнату қағидаттарының басты тетігі. Еліміз үшін төзімділік қағидаттары саяси мәдениеттің бағыттары ғана емес, мәдениетті қолдап-қуаттайтын мемлекеттің негізгі ұстанымдары болмақ.

Мемлекеттің дінге қатысты ұстанымын ең алдымен оның заңдарынан көруге болады. Елімізде діни ахуалды реттейтін Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласында ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі танылатындығы атап көрсетілген. Бұл – ислам дінінің қазақ мемлекеттілігінің және халықтың рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына негіз болғандығын, сондай-ақ соңғы үш ғасырлық тарихы қазақ елімен ортақ, әрі көптеген этностардың дәстүрлі діні саналатын православиелік христиандықтың Қазақстан халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл Заң Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.

Шұрайлы Шымқаламыз да көпконфессиялы қалалардың бірі болып саналады. Қаламызда он бір діни конфессия өкілдері өмір сүреді. Қаладағы конфессияаралық келісім мен діни тұрақтылықты сақтауда әр түрлі, іс-шаралар мен нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың ішіндегі ерекше атап өтетіні жыл сайынғы 18 қазанда өткізілетін — Рухани келісім күні. Бұл күнде қаладағы барлық дін өкілдерінің лидерлері бас қосып, конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған арнайы дөңгелек үстелдер, кездесулер және спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Мұның барлығы дінаралық тұтастықтық пен конфессияаралық келісімді арттыру және сол арқылы еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізу болып табылады.

Шымкент қаласының дін істері басқармасы

     «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

              КММ әлеуметтанушысы, Б.Жүнісов