Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

0
632

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.⠀

Құрметті отандастар!⠀

Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!⠀

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделген.⠀

Тәуелсіздік кезеңінде негізі қаланған «әралуандығымыз – бірлікте» қағидаты Қазақстанның сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырды. Ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы болып отыр.⠀

Халқымыздың әділетті әрі дамыған мемлекет құрып, елімізді өркендету жолындағы мүддесі ортақ. Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз.⠀

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!⠀

Әр шаңырақта татулық пен өзара түсіністік болсын!