Бала болашағы бүгіннен қалыптасады

0
1197

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады»,-деген қазақ халқы отбасының беріктігімен бірге болашақ иесі балаларды тәрбиелеу мәселесіне айырықша мән берген және олардың жан дүниесі мен  жауапкершілігін қалыптастыру барысында өз тілін білуі мен дінін, яғни мұслмандықты ұстануын басты міндет санаған. Мұсылмандыққа мойынсұнған адам иманды, қылмысқа бармайтын,жетім-жесірдің ақысын жемейтін, АллаҺ-тағаладан келген бұйрықтарды орындап,жүрекпен сеніп,өз ана тілімен сөйлейтін салауатты жан болады. Мұсылмандардың өміріндегі тұтынар тағылымы, тиянақ табар тұғыры: имандылық,адамгершілік арқылы жететін адамдардың өзара ынтымақ бірлігі. Ислам діні бізді осыған үйретеді. Осындай ұлағатты болашақ иелері жас ұрпақтың санасына сіңіру ата-ананың перзент алдындағы борышы болып табылады.

 Ислам діні тілге,түрге,ұлтқа бөлмейді. Алланың бірлігін, пайғамбардың хақтығын мойындаған мұсылман баласы бәрін «бауырым» деп ішке тартады, айналасындағыларға қолдан келген көмегін беруге қашанда дайын тұрады. Мұсылмандардың қай заманда да уағыздайтыны: имандылық,адамгершілік,адалдық, тазалық, көздейтін мақсаты: елдің тыныштығы, халықтың ынтымағы мен  бірлігі.

Кеңес дәуірінде өз тілімізді, өз дінімізді ұмытып қала жаздағанымыз жасырын емес. Аллаға шүкір, өркениетті елдермен терезесі тең тәуелсіз мемлекет болдық. «Өткенге-салауат, қалғанға-берекет»- дейді мұсылмандар мұндайда. Қалғанына берекет тілейік. Қазіргі жаҺандану дәуірінде діңгегі берік, асыл дінімізді ұрпағымызға түсіндіре білуіміз қажет. Балаларымызды жергілікті мешіт-медреселерге беріп имандылыққа үйретейік.

Кейбір ата-аналар «Медресені бітіргенде қандай мамандық алып шығады?»- деп сұрайды. Ал енді біреулер: «Ұл-балаларға мейлі,ертеңгі күні молда болып шығады, ал қыз балалар,сендерге не жоқ?»- деп балаларының көңілін айнытады. Әрине,бұл шариғатты білмеу болып табылады. Бір жағынан білмейді деп оларға да кінә арта алмаймыз. Бәріне кешегі қапас заманның салақай саясаты кінәлі.

Біріншіден,молда болу ешкашан да кәсіпке жатпаған. Молда болуды кәсіп деп есептеген немесе құрмет иесі болуды көздеген адамдар туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім көп дүние табу үшін ілім оқыса,дүниеден өткенде мунафиқ болып өтеді, кімде-кім ілімді ізет-құрмет алу үшін оқыса дүниеден надан болып өтеді» ,-деген.

Екіншіден, мешіт,медресе Алланың үйі болып саналады. Ол жерге келген адамға иман пайда болады. Өйткені адамды жақсы қасиетке тек иман ғана жетелейді. Мешіт, медресе босағасын аттаған әрбір шәкіртті иманды деуге болады. Өйткені олар шариғат үкімін оқиды.

Шариғат дегеніміз – Алла тағаланың жалған дүниеде адамзатқа көрсеткен тура жолы. Осы жолмен жүрсек екі дүниеде де адаспаймыз. Жалған дүниедегі кәсібіміздің адал немесе арам екенін ажыратсақ – ақырет үшін сауап табуды үйренеміз.

Ең бастысы – жалған дүниедегі әрбір істеген ісіміз үшін Алла алдында жауап беретінімізді білуіміз,одан қорқуымыз керек. Міне осы қорқыныш адам жанына шын мәнінде ұялғанда – ол адамда иман пайда болады.

Қазіргі өмірімізден бір мысал келтірейік: мектепте он бір жыл оқып, содан соң жоғарға оқу орнын бтірген соң қызметке орналасқан жастарға мемлекеттің дүниесін талан-таражға сал, мұсылмандардың ақысын же деп ешім үйреткен жоқ. Сонда өз жеке басының қамы үшін ештеңеден тайынбайтындар ұрлық, бұзақылық жасап ата-анасын тастап кеткендер қайдан шығады? Оның бір ғана жауабы бар. Ол — Алланы және оның құдіреттілігін білмегендіктен,иманы жоқтан шығады. Осының салдарынан адамдар барлық тауқыметті бастарынан өткереді. Ал, жастайынан мешіт, медреседе оқып ,одан кейін басқа кәсіпті ұстаған болашақ иелері жалған дүниедегі жолын дұрыс танитын болады. Сондай-ақ дінді үйреніп оны өзгеге шын көңілімен үйретемін дейтіндер ғана дін иесі бола алады.

Мұсылмандар ел бірлігін,халық тыныштығын тілеп, өздерінің дүйім мұсылман бауырларын иамндылыққа, адамгершілікке, ізгілікке бастар Алланың ақ жолына шақырады. «Адам білімімен қымбатты, ұрпағымен сымбатты» дейтін болсақ, Алла барша қауымға қайырлы, салихалы ұрпақ нәсіп етсін!

Аружан Атымтаева
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ 
директорының орынбасары