«АҚЫЛЫ ЖОҚТЫҢ ДІНІ ДЕ ЖОҚ»

0
529

Әйгілі ғұлама имам Ғазали былай деген екен: «Ақыл – көз, Құран – күн тәрізді. Күн жарығында көздің жақсы көретіні сияқты ақиқатты түсінуде Құран негізінде ақылды пайдалануға мұқтаждық бар. Тек Құран жеткілікті деу күндіз көзді жұмып жүргенмен бірдей. Ал, тек ақыл жеткілікті дейтіндер де қараңғы жерде бейне бір жарық іздеген адам тәрізді. Бұл екі нәрсе азғындыққа апарады. Сондай-ақ, шариғат пен ақыл бір-бірін толықтырып, кемелдендіріп келген екі нұр».

Шын мәнінде, ақыл – Алланың берген нығметтерінің бірі. Адам баласы көру, есту, сезу, ойлану арқылы Алланың құдіретін түсінеді, ой жүгіртіп, ақылға салып, жақсы амал жасауды ұйғарады. Ақылды дұрыс нәрсеге жұмсау – Жаратушы Жаббар Иеміздің жарылқауына, ризалығына жетелейді. Ал нәпсі қалауын ақылмен басқара алмау азғындыққа апарып, Алланың ашуын шақырады. 

Алайда кез-келген пенденің ақылы шектеулі болғандықтан, біз қашан да Құран мен сүннетті өміріміздің темірқазығы етуіміз керек. Сонда біздің сезім мүшелеріміз өзінің міндетін дұрыс орындайды.

Алла Тағала Құранда бірнеше аятта «Ойланбайсыңдар ма?» деп ескертеді. Қасиетті кітабымызда ақыл, ойлану, даналық сынды мағыналарды білдіретін тәдәббур, тәфәккур, хикмет, улул әлбаб, фәһім, әбсар, қалб, рушд, назар деген сөздер кездеседі. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әркімнің діні – оның түсінігі. Ақылы жоқтың діні де жоқ», – деген.

Жоғарыда адам баласының ойы мен ақылы шектеулі екенін, ол үшін Құран мен сүннетке сүйену қажеттігін айттық. Осыған қатысты мынадай сұрақ туындайды: Алланы тану үшін ақыл жеткілікті ме, әлде Құран мен сүннетке сүйенумен шектелу керек пе? Осы сұрақ бойынша Ислам ғалымдары көптеген пікірлері мен көзқарастарын білдірген. Бұған қатысты имам Матуриди мынадай көзқарасын білдірген: «Алла Тағаланы ақылмен тануға болады. Ақыл – жаратылыс сырын түсіну үшін берілген Алла Тағаланың сыйы. Әрі жаратылыс жайлы терең ой жүгіртуге бұйырылдық. Бірақ ақыл – шектеулі. Алла Тағаланың шексіз иләһи хикметтерін, сыр ретінде сақтаған нәрселерін ақыл біле алмайды».

Біз имам Матуридидің бұл көзқарасынан Құран мен сүннет белгілеп берген өлшем негізінде ақылға сүйену қажеттігін түсінеміз.

Ақыл Алланың адам баласына берген  үлкен нығметі екенін айттық. Осы ақылды Алланың разылығына кенелу жолында пайдалану – мұсылманға тән нәрсе. Алла туралы танымы мен түсінігі қалыптасқан кейбір адамдар өзіне беріліп жатқан нығметті, мал-дәулетті өз ақылыммен, бойымдағы ерекше қабілетім арқылы таптым деп ойлайды. Асылында бізге берілген ақша да, ақыл да – Алланың берген нығметі. Өкінішке қарай, бүгінде адам өз ақылын жаман істерге, біреуді алдап-арбауға, айналасындағы кісілерді азғыру жолына пайдаланады. Бұл – Алланың ашуын шақыратын «ақыл».