Жастар және әлеуметтік желі

0
5462

Қазіргі таңда елімізде интернет пайдаланушылардың саны жыл санап артып келеді. Азаматтарымыз әлемдік үрдістен тыс қалып жатқан жоқ, көш бастап отырған барлық әлеуметтік желіге тіркеліп, пайдаланып әр түрлі санаттағы ақпараттарды алып жатыр. Ол түсінікті де, өйткені әлеуметтік желі арқылы адамдар өзінің ішкі сұранысына қажетті барлық ақпараттарды алып, ақпарат таратып, басқа адамдармен танысып, жарнамалар беріп, өз қуанышымен бөлісе алады. Қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, әр түрлі заң бұзушылыққа жол беретін, тым анайы топтар да құрылып, оны пайдалаушылар да артуда. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі.

Жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы және XXI ғасырдың бұл ағымы — қоғам дамуының жаңа дәрежесіне жеткізді. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды. Көптеген жастар, тіпті ересектер де тікелей бетпе – бет қарым – қатынас жасаудың орнына, әлеуметтік желілер арқылы қарым – қатынас жасауды жөн көреді.

Қазіргі кезде әлеуметтік желілер «Instagram», «Вконтакте» халықаралық «Facebook», «Twitter» т.б. және сонымен қатар дүниенің әр түкпірінен қатысатын түрлі атыс-шабыс ойындар таралған. Көптеген жастардың ата-аналары бүл үрдістің әсерінен қауіптеніп отыр. Себебі,

көбінесе 10-18 жастағы жасөспірімдер әлеуметтік желіге жіпсіз таңылу әсеріне тап болады. Ал бұл жасөспірімдердің негізгі әлеуметтендіру, оның психика мен дүниетанымын қалыптастыру кезеңі болып табылады. Сонымен қатар, ғаламтор адамның физикалық денсаулығына кері әсерін тигізуде.

Бұған қоса және бір жағымсыз жағы еркінен тыс компьютерге тәуелді болуы. Мұндайда баланың мінезі күрт өзгереді, айналасына немқұрайлы қарауды әдетке айналдырады. Басқа пайдалы ойындарға, ақыл-ойды дамытатын қызықты тақырыптарға талпынысы болмайды, көңілді, сергек жүргеннен гөрі көбінесе ашулы, күш көрсетуге бейім тұрады. Сонымен бірге балада тек өзіне ғана мәлім “жабық әлем” қалыптасады. Тек компьютермен шектелетіндіктен мұндай бала ерте ме, кеш пе әйтеуір қатарластарымен тілдесе алмайтын халге жетеді.

Cонымен қатар интернетті және әлеуметтік желілерді шектен тыс қолдану білім сапасының төмендеуіне де әсер етеді. Сондықтан интернеттің тек жақсы жақтарын пайдалануды жастарға үйретуіміз, қадағалауымыз бүгінгі күні өзекті мәселеге айналуда.

Әрине, ғаламтордың үнемді байланыс құралы, аудио және видеоның қол жетімділігі, ақпарат іздеу және алмасу мүмкіндігі сияқты тағы басқа жақсы артықшылықтары да бар. Бірақ, желіге тәуелді жастар қоғамнан оқшауланып, жақындармен қарым-қатынасы үзіледі, сенімсіздік пайда болады, алтын уақытын текке жұмсайды және сколиоз, арқа және нерв жүйесі сияқты ауруларға шалдығады.

Әлеуметтік желіге тәуелділік белгілері:
— себепсіз әлеуметтік желіні қайта-қайта тексеру;
— ғаламторға қажетсіз кіре беру;
— жақын адамдардың компьютер алдында көп отырасын деген айыптаулары;
— уақыт өлшемінің жоғалтуы;
— желідегі қарым-қатынастың басымдылығы;
— міндеттерді ой елегіне алмау; кездесулерді, тамақ ішу уақытын, күнделікті режимнің бұзылуы;
— тәуелділіктің барын жоққа шығаруы;
— ашушаңдық көрсету, көңіл-күйдің болмауы, шаршау.

Жастар — біздің болашағымыз. Сондықтан да бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Қалай болғанда да әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар. Біз тек пайдалысын алып, зиянынан алыстап отырғанымыз абзал.

Бала күнінен бастап ұлттың дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңіріп, халық ауыз әдебиеті жауһарларына қанығып өскен бала ержеткенде ұлттың алдындағы жауапкершілікті сезінетін, еліне тұтқа болатын тұлғаға айналады.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қазақ қоғамындағы жастар тәрбиесі мәселесінде ұрпақ сабақтастығының әлсірегені байқалады. Атасы мен әжесінің құшағында емес, ғаламтордың шырмауында өскен кейінгі жас буын өкілдері әлеуметтік желінің кесірінен ұлт табиғатына жат мәдениетті санасына сіңіріп, түрлі ағымдар мен субмәдениеттер өкілдерін пір тұтып өсіп келе жатқаны жасырын емес.

Қоғамдағы жастар тәрбиесі – мемлекет деңгейіндегі маңызды мәселелердің бірі. Себебі жастар саясаты мемлекет жүзеге асыратын және жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар жүйесі екені белгілі.

Жастарды рухани және имандылық тұрғысынан дамыту, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және олардың қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыруды реттеу мәселелері «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы №285 заңында нақты көрсетілген.

Егер біз тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болсын десек, «өркениеттер қақтығысында» жұтылып кетпей, өзіндік бірегейлігімізді сақтап қаламыз десек, балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет.

Жастардың ерекшеліктерін ескере отырып, ғаламтор желісіндегі өзге зиянды ақпараттардан назарын бұру мақсатында олардың қызығушылығын туғызатын пайдалы бейнероликтер, танымдық ойындар мен бағдарламаларды ұсынатын интернет-ресурстарын жасақтау қажет. Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында тегін спорт алаңшаларын, үйірмелер ашып жастарды физикалық тұрғыдан дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын қоғам қалыптастыру керек.

Әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану үшін жастарға ата-ана, білім беру мекемелері, қоғам болып дұрыс бағыт бағдар беруі тиіс. Ол үшін жастардың бос уақыттарын қалай өткізетіндігін анықтау; жаһандық Интернет желісін қолданушылардың жас ерекшеліктеріне қарай өзгешеліктерін анықтау; пайдаланушылардың әлеуметтік желі ұғымы бойынша түсініктерін зерттеу; азаматтар қандай мақсаттармен әлеуметтік желілерді пайдаланатындығын сараптау; пайдаланушылардың демалыс уақытын ұйымдастырудағы әлеуметтік желілердің беретін көмегін айқындау; желідегі қарым-қатынас шын тілдесуге лайықты өзгерістері мүмкіндіктерін анықтау; әлеуметтік желілерде кеңінен таралатын әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды зерттеу; әлеуметтік желілерде таратылып жатқан нормалар мен құндылықтардың ықпалын айқындау бағытындағы жұмыстарды жетілдіріп, жандандыру қажет.

Қорыта айтқанда, еліміздің болашағы үшін тек білімді жастарды өсіру аздық етеді, бойына ұлттық рухани құндылықтарды дарыта білген жас буын өкілдерін тәрбиелеп шығарғанда ғана Қазақ елі ғасырлар белесінен сүрінбей өтетіні хақ. Еліміздің болашағы жастардың қолында, осы бағытта қоғам болып жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру әрбір азаматтың борышы екенін ұмытпайық.

Нұржан Әбдікәрім,
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бағдарламашысы