Бүгін — мемлекеттік рәміздер күні

0
1468

Бүгін Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері — Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн күні.

Осыдан тура 29 жыл бұрын, нақты айтқанда 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды.

Мемлекеттік үш нышанды таңдау үшін 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнайы шығармашылық комиссия тағайындады. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов сынды қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты.

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы. Тудың авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Үздік мәтінге жарияланған байқауды Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. 2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Тұңғыш Президент, Елбасының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.