Ислам-тазалық діні

0
291

Ислам діні тазалыққа басты назар аударады және тазалыққа негізделген дін болып табылады. Өйткені, мұсылманның құлшылығы өзін таза ұстаудан басталады. Адамзаттың арманы болған жәннәттың кілті намаз болса, намаздың кілті – тазалық. Бірақ тазалық, тазалану дегенді біз жай ғана жуыну емес, жан тазалығы да керек екенін білуіміз керек. Әр нәрсенің тазалығы бар. Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол адамның денсаулығы, өң түсінің сүйкімділігі, өмір жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадыр-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы деген сөз.Раббымыз Құран Кәрімде былай дейді: “Алла көп тәубе еткендер мен жақсы тазаланғандарды сүйеді.” Бұл аяттан біз тазалықтың маңызды екенін ұғынсақ болады.

Осы тазалықтың өзін бірнеше түрге бөлуге болады.Мысалы: тән, ас, киім және айналаның тазалығы.Бұларға қысқаша тоқталсақ:
Мұсылман кісі тек дәрет алып, ғұсыл құйынып қана қоймай, өзге де тән тазалығын жасауы тиіс.Мысалы: тамақтан алдын және кейін қолын жуу, аузын шаю, сақал- мұртын таза ұстау және артық қылдарын тазалау. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көптеген хадистері бар.

«Мисуак қолданыңдар.Өйткені мисуак ауыз тазалығы» (Бұхари Саум 27) «Егер мүминдерге ауыр келмейтін болғанда әр намаз кезінде мисуак қолдануды әмір ететін едім» (Бұхари Жұмға 8).

«Тамақтан алдын және кейін қол жуу, тамаққа береке әкеледі» (Тирмизи Әтимә 39). «Тазалық – иманның жартысы» деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) білген, әр дене мүшесінің тазалығын толық қадағалаған. Мұсылман баласының дене және рухани тазалығы болады. Денемен болатын тазалыққа ғұсыл, дәрет немесе таямум, ал рухани тазалыққа жаман ойлардан, күнәлі әрі шүбәлі істерден жан дүниесімен аулақ болу жатады. Тазалықа жеңіл әрі салғырт қарауға әсте болмайды. Таза жүрудің өзі ғибадат. Әр уақыт дәретпен жүрген Біләлді (р.а.) Аллаһ Тағала жәннатпен сүйіншілеген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр уақыт сахабаларына яхудилерге ұқсамауды, үйдің ішін, оның айналасын таза ұстауды өсиет ететін. Тазалық – мұсылманның қоршаған ортасымен тығыз байланысты. Мұсылмандардың дінсіздерден айырмашылығы да осында жатыр. Аллаға және ахирет күніне иман келтірген жан денесінің, киім-кешегінің және тұрған жерінің тазалығына қалай мән берген болса, дәл солай қоғам игілігіне пайдаланылатын, көпшілік жұрт жиналатын Алланың үйі саналған мешіт, оның әжетханасы мен дәрет алатын жері мен т.б. осы сияқты орындардың тазалығына мән бере отырып, тазалаушы кісілердің еңбектерін бағалап, құрметтегені абзал. Біз тазалықтың мәнін Пайғамбарымыз (с.ғ.с)-нан үйренеміз, және үлгі тұтуымыз қажет. Тіпті, крест жорығы кезінде европалықтар тазалықтың барысын мұсылмандардан үйренген. Олар тамақ ішер алдында қол жуу дегенді білмеген. Және де тырнақ алуға көп мән берген. Хазірет Алиге (р.а.) де «Ей, Али, өсіп кеткен тырнақтарыңды қысқарт. Ішінде зиянды нәрселер жүреді»,-деген (Дәйләми, Фирдаус).

Пайғамбарымыз сол заманның өзінде микробтардың болатынын, және зиянды екенін білген. Одан соң киім тазалығына аса назар аударған. Киім тазалығы туралы, Алланың сөзі Құран Кәрімде: «Киіміңді таза ұста, жаман нәрселерді таста» — делінгендіктен («Мүддәсир», 4-5) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрқашан киіміне қыл жуытпауға тырысқан. Намаз оқу үшін де киімнің тазалығы маңызды болғандықтан: «Ақ киім киіңіздер. Ақ түсті киім әдемі көрінеді, тазалық тұрғысынан да ыңғайлы. Мәйітті ақ түсті матамен кебіндеңіздер»,-деп, ақ киген жағдайда тазалыққа көңіл бөлудің артатындығын білдірген. Кір киім киген адамды көргенде: «Мына кісі киімін жуатын ештеңе таба алмаған ба?!»-деп ренішін айтқан. Бұл жерден аңғаратынымыз тек тән тазалығы емес, киім тазалығы да аса маңызды болып табылады. Бір күні Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Абайлаңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болмаңыздар»,-деп еді. Сахабалары бұлар кімдер деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, өзен, көлдің жағасына дәрет сындырып ластағандар»,-деген. Бұл арқылы адам жүретін жолдарды, қоғамдық орындарды да таза ұстауға шақырған.

Сыртқы тазалыққа осыншалықты көңіл бөлінген исламда ішкі рухани тазалыққа да айтарлықтай көңіл бөлінген. Өйткені сыртқы тазалық ішкі тазалықпен үйлескенде ғана адамның жасаған құлшылықтары қабыл болмақ. Жүректі таза ұстау жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Адам баласының денесінде жұдырықтай ет бар. Сол жақсы болса бүкіл дене (іс-әрекеттері) жақсы болады. Сол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар, ол жүрек»-деген. Жүрек тазалығы, ниеттің дұрыстығы, пейілдің ақтығы- ішкі тазалыққа жатады. Ал рухани тазалыққа өтірік сөйлемеу, өсек айтпау, жамандамау, ұятсыздықтан, жалақорлықтан аулақ болу жатады.

Қорытындылай келе, ішкі жан дүниең де сыртың сияқты таза болу керек. Сол кезде ғана адам нағыз таза адам болады. Ата-бабаларымыз да ішкі тазалыққа көп көңіл бөлуге шақырған. Пайғамбарымыздың «Мына кісі — жұмақтық» деп көрсеткен сахабасы өмірінде қызғаныш дегенді білмейтін, ешкімді күндемейтін, жаман сөзі жоқ, рухани таза адам болып шыққан.

Нұргүл Махан,
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бағдарламашысы