«Қазақ ешқашан радикал болмаған»: Назарбаев Қазақстандағы терроризм туралы айтты

0
607

«Хабар» телеарнасындағы «Штрихи к портрету. Лидер» деректі фильмінде Елбасы елдегі терроризм әрекеттері туралы сөз қозғады. Нұр-Сұлтан Назарбаев Қазақстанда терроризм болмауы үшін қаншама күш салынғанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Деректі фильмде Тәжікстанда орын алған діни соғысты еске алған Елбасы біздегі ахуалдың тұрақты болып қалатынына сенетінін жеткізді.

«Екі діни ағымның арасында сұмдық қырғын болды. Қазір де ондай қақтығыстар әлемде жоқ емес. Бізде ондай жайт орын алған жоқ, болашақта да болмайды деп ойлаймын. Десе де, бізде діни еркіндік те бар. Адамның жұмысы бар, отбасын асырай алатын жағдайда болса және басында баспанасы болса, демократия дегеніміз — осы. Егер қайыршылық болса, демократия да болмайды, соғыс болады», — деді ол.

Сонымен бірге, тұңғыш президент елдің арасында іріткі салмақ болғандар туралы да айтты.

«Қазақ ешқашан радикал болмаған. Оған еш себеп те болған жоқ. Батыс Қазақстанда, Ақтөбеде орын алған жайттар болды. Ол жақтан соғысқа аттанып, кейін көбін кері қайтардық. Елдің басын қатырып, алдап, ақша беріп, алып кеткен. Ал былай бізде ондай нәрселерге жол берілген жоқ», — дейді Елбасы.

Бұл тұста, Нұрсұлан Назарбаев бүгінде Қазақстанда ислам діні қайта жанданғанын атап өтті.
«Бүгінде елордада әлемдегі ең ірі мешіттердің бірі салынып жатыр. Бұйырса, жыл соңына қарай іске қосамыз. Мемлекеттік қаражатқа емес, демеушілер есебінен салынып жатыр. Ол Стамбулдағы Айя-София секілді туризм нысаны болмақ», — деп сөзін түйіндеді Елбасы.