Ақтөбе: Ең маңыздысы – елдің қауіпсіздігі

0
528

ҚМДБ-ның биылғы жеті жұмыс бағытының бірі – жат діни ағымдармен күрес. Осы бағыт бойынша ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі нәтижелі де сапалы көрсеткіштер көрсетіп келеді.

Жуырда Ақтөбеде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы іске қосылды. Жұмыс тобы Темір ауданында болып, бірқатар іс-шаралар атқарды. Облыстық Дін істері басқармасының бастамасымен іске қосылған жоба аясында «Ансар» ақпараттық талдау орталығы және ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі тарапынан бекітілген арнайы мамандар аудан бойынша әртүрлі мекемелер мен қоғамдық орындардағы кездесулерге қатысып, халықпен жүздесті. Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы кездесулер барысында жат ағымның пайда болу себептері, сенім мәселесіндегі қателіктер жайлы баяндап, дәстүрлі дінге қайшы тұстарды атап өтті.

Ауданға қарасты қала және ауылдық округтерде, мекемелер мен білім беру ұйымдарында, мәдениет үйі, ауруханалар, мешіттерде кездесулер өткізіліп, семинар және психологиялық тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар Нұр Мүбарак университетінің аға оқытушысы Нұржан Стамбакиев, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов, «Бақытжан» мешітінің имамы Айбек Қабиев, Ақтөбе медресе-колледжінің ұстазы Айсұлтан Сапар деструктивті діни ағым жетегінде кеткен азаматтармен жеке кездесіп, оңалту жұмысын жүргізді. Кездесуде Шұбарқұдық, Кенқияқ, Саркөл, Шұбарши секілді елдемекендердің азаматтары қамтылды.

Жалпы Темір ауданындағы 5 күннің қорытындысы бойынша 51 шара ұйымдастырылып, 781 адам қамтылды. Түсіндіру тобы енді Алға ауданында жұмысын жалғауда.