Конфессияаралық татулық

0
96

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде әлемдік қауымдастық мойындаған, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді табысты дамытуда бірегей тәжірибесі бар егеменді мемлекет ретінде қалыптасты. Ғасырлар бойы әртүрлі этностар мен конфессиялар өкілдері бірге өмір сүріп, бір-бірін мәдени тұрғыдан өзара байыта отырып, республика аумағында алғаш рет Қазақстан халқының мәдениетін және дәстүрлі рухани құндылықтарын дамыту үшін қажетті саяси-құқықтық жағдайлар орнықты.  Конфессия — белгілі бір діни ілімінің төңірегінде дінге сенушілік ерекшеліктері  және  сол  дінді  ұстанатын  ізбасарлардың бірігуі.

Еліміздің Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік құқықтарына  және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне, көзқарастарына құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты.

Қазақстан бірегей мәдени-тарихи жағдай қалыптасқан, қоғамдық дамуы өзіндік ерекше және дін саласы өзгеше ел ретінде, әлемдік қоғамдастық мойындаған мемлекеттік-конфессиялық қатынастың өзіндік моделін жүзеге асырып келеді. Мемлекеттің зайырлы сипаты туралы конституциялық норма Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізгі сипаттамасы болып табылады. Қазақстанның зайырлы құрылымы мемлекет аумағындағы барлық этностар мен конфессиялардың мәдениетін дамыту үшін әділ және тең жағдай жасайды. Мемлекеттік мәртебесіне ие болған  конфессияға бірқатар ерекшеліктер тән болады. Мәселен, мұндай дін меншік иелену немесе заңды тұлға құқына ие, сонымен қатар, мемлекет конфессияға қаржылық немесе басқа да материалдық қолдау көрсетеді, конфессияға бірқатар заңды өкілеттіліктер беріледі. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңына» сай «халықтың мәдениеті мен діни өмірін дамытуда ханафи бағытындағы ислам және православтық христиан діндерінің тарихи рөлін танитыны» атап көрсетілгенімен, бұл конфессияларға ешқандай ерекше құқықтар берілмеген. Қазақстанда 172 діндер мен 40-тан астам діни конфессиялар бар. Біздің елімізде айтарлықтай ірі конфессияаралық қақтығыстар орын алмаған. Көптеген деноминациялардың бір территорияда бірлікте өмір сүруі үшін мұқият жасалған саясат қажет.  Құқықтық реттеудің сараланған түрі конфессияларға діни құқықтар мен бостандықтардың заңнамалық танылуына қарамастан, олардың мемлекет тарихындағы рөліне байланысты құқықтар мен міндеттердің әртүрлі көлемін беруді қамтиды. 1992 жылы дін мәселелерін реттеу үшін Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңында барлық конфессия діндарларына қызметтерін еркін атқаруына толықтай кепілдік берілген.  

Қазақстан Республикасы және басқа мемлекет азаматтары кез келген дінді уағыздауға немесе уағыздамауға құқылы. Барлық діни бірлестіктер заң алдында бірдей құқыққа ие саналады.  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050 «Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық татулық, этносаралық және конфессияаралық диалог пен келісім қазақстандық қоғам мен мемлекеттің басты құндылығы екендігі атап көрсетілген.  Бүгінде Қазақстан жаһандық өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтың ірі әрі беделді факторларының бірі болып табылады. Қазақстандық көпэтноконфессиялы мемлекеттегі бейбітшілік пен келісімді, мәдениеттер мен діндердің бірегей диалогын бүкіл әлемдік қауымдастық, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Өркениеттер альянсы, ИЫҰ, БИЛ, ЮНЕСКО сияқты жетекші халықаралық өзара іс-қимыл құрылымдары  мен әлемдік және дәстүрлі діндердің беделді көшбасшылары мойындаған.

Әр мемлекеттің негізгі байлығы «адам факторы»  екенін ескере отырып қандай конфессиядан болса да адам құқықтарына баса назар аударуымыз қажет. Конфессияаралық татулық пен келісімді насихаттап, еліміздегі осы бағытта өткізіліп келе жатқан шаралар да аз емес. Бұл еліміздегі тыныштық пен бірліктің, конфессиялар арасындағы татулықтың ұзақ мерзімге сақталуына септігін тигізеді.

Тыныштық Байманова,
АТТ мүшесі, дінтанушы.