Интернетттегі қауіпті иірімдер

0
557

Бүгінде шетелдегі күмәнді оқу орындарында 110-нан аса қазақ жастары оқып жүр деген ақпарат бар. Шетелден өз бетімен діни білім алу Қазақстан үшін қауіпке айналып отыр. Діни білімнің іргетасын елімізде қаламаған, яғни Әбу Ханифа мәзһабын мойындамайтын, ақидадан адасқан қазақ жастары мұсылман елдерінен білім алуға құштар болып отыр.

Ол елдердің ішінде Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Йемен, Кувейт, Иран, Пәкістан, Катар елдері бар. «Соның ішінде Египет пен Сауд Арабиясы Корольдігінде күмәнді діни білім алған азаматтар елімізде салафизм идеологиясының таралуына көбірек үлес қосуда» дейді мамандар.

Мысалы, Сауд Арабиясында «Әл-Жамия әл-Исламия» университетінде оқыған, салафизм идеялогиясын ұстанушы 3 азамат «Қазақстанға келген соң діни араздықты өршітті, терроризмді насихаттады» деген айыппен 2017 жылы сотталғаны белгілі. Олардың әр жерде айтқан уағыздары жазылып алынып, әлеуметтік желілерге жүктелген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жолдамасынсыз, өз беттерімен кеткен жастар бұл елдердегі күмәнді оқу орындарынан, көбіне жеке құжыралардан білім алып, елге оралған соң деструктивті діни ағымдарды насихаттап, радикализмге бой алдырып, ел ішіне ылаң салуда.

Діни теріс ағымдағы жастар шетелден заңсыз діни білім алуға неге құштар? Оның себептерінің бастысы – қазақ жастарының діни білімді интернеттен үйреніп, шетелдік шейхтардың уағызын тыңдауы.

Назратулла (Әбу Мариям) атты уағызшы 2018 жылы Мәдина қаласында ұсталғаны белгілі. Ол интернет арқылы ТМД және Қазақстандағы жамағатқа деструктивті идеологияны,  салафизмді уағыздаған. Яғни, қазақ жастарының мұсылман елдеріне шығуына, ол жақтан деструктивтік бағыттағы діни білім алуға ұмтылуына интернеттің ықпалы зор екенін көреміз.

Діни теріс ағымды ұстанушылардың 88 пайызы ғаламтор арқылы санасы уланғандар. «Жусан» операциясымен елге қайтарылғандар да салафизм уағызшыларын интернеттен тыңдап, солардың соңынан ергендер болып шықты. Яғни астарында радикалдық пиғыл жасырынған уағызшылардың жымысқы әрекеттері «ДАИШ» террористік ұйымының құрамына жасақ тарту болғаны аян.

Статистика бойынша Сириядағы қақтығыс аймағында қан төккен содырлардың 80-ге жуық пайызы интернет арқылы тартылғандар болып отыр.

Дінге қызығушылығы бар, алайда діни білімді еліміздегі мешіт, медреселерден алуға ниеті жоқ жастар ғаламторға бір кірген соң шетін идеологияларға тап келіп, сол жерлерде шырмалып қалып жатыр. Facebook,  Instagram, «Vkontakte», Twitter сияқты басқа да әлеуметтік желілерде салафизм идеологиясындағы материалдармен танысу, оны жүктеп алуға, кейін санасы уланған соң таратуға жол ашты.

Еліміздегі діни ахуалға байланысты Қазақстанда діни және ұлтаралық алауыздықтың алдын алу мақсатында Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тақырыбындағы жолдауын жариялағаны белгілі. Аталмыш жолдауда қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу арқылы діни және рухани құндылықтарымызды қатар алып жүру мақсат етілді.

Мемлекеттің бұл бағытта кешенді бағдарламалары кезең-кезеңімен, мақсатты түрде іске асуда. Әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізудің нәтижесінде интернетте күдікті діни идеологияларды таратып отырған сайттарды, жеке тұлғалардың парақшаларын бұғаттау жақсы нәтиже беруде.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитенің төрағасы Ержан Нүкежановтың айтуынша, 2021 жылдың қаңтар айындағы есеп бойынша интернеттегі радикалды топтарға тіркелген қазақстандықтар саны 44 пайызға азайып, 3 мыңнан астам адам дәстүрлі исламға қайтып оралған.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы арқылы зайырлылық қағидаттарын нығайту, дінаралық татулықты үйлестіру, ел ішінде діни экстремизмнің алдын алу, діни ахуалды жақсарту арқылы тұрақтылықты күшейту қолға алынды.

Бүгінгі таңда технологияның дамуына, заман талабына сай «Қазақстан халқының 81,9% пайызы интернетте отыр. 2021 жылдың басында интернетке 15,47 миллион адам кірген» дейді статистика.

Ендеше, интернетте бұғатталған деструктивті ағымдардан босаған орындарды ұлттық құндылықтарды насихаттайтын материалдармен толықтыру – уақыт талабы. Қазақтың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін насихаттау, ата- бабалар ұстанған дін мен дәстүр сабақтастығын жалғастыру – діни теріс ағымдарға бірден-бір тосқауыл болмақ.

                                                                     М. МАХАНБЕТОВ,
  МО Дін істері басқармасының басшысы