Зарема ШӘУКЕНОВА: Тәліптердің Қазақстанның діни ахуалына әсерін болжау қиын

0
241

Қазіргі таңда әлем назары Кіндік Азияға ауып отыр. Бір апта бұрын Ауғанстанда орын алған діни-саяси оқиға әлемнің біраз елі үшін күтпеген жағдай болғаны анық.

Ауған билігіне келген Талибан ұйымының қадамы Орталық Азиядағы біраз діни-саяси ахуалға өзгеріс әкелуі мүмкін. Қазақстан үшін террористік ұйым болып саналатын тәліптер көрші мемлекеттің тізгінін ұстады. Бұл жағдайда Қазақстанның ол елге қатысты ұстанымдары қандай болады? Бұл сұрақтың жауабын ҚР Президенті жанындағы Қазақстан саяси зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукеновадан сұраған едік.

– Зарема Кәукенқызы, Талибан қозғалысы біздің елде террористік ұйым ретінде тыйым салынған. Ал бүгінгі күні бұл ұйым Орталық Азиядағы көрші мемлекетіміздің иесіне айналып отыр. Бұл тұрғыда біздің елдің саяси қадамы қандай болуы мүмкін?

– Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу және елдегі жағдайды тұрақтандыру ұстанымын қолдана отырып, Үкіметтің ауысуы және «Талибан» қозғалысының билікке келуі туралы мәселе бойынша бейтараптықты сақтауда. Біздің мемлекет өз тарапынан Ауғанстанмен тату көршілік бағытында диалогты жалғастыра алады. Сондай-ақ Қазақстан Ауғанстанмен саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық ынтымақтастықты прагматикалық негізде әрі қарай жүргізе беруге дайын.

Ауғанстан сауда-экономикалық саладағы Қазақстанның маңызды әріптесі болып қала береді. Әрине, ол біраз уақытқа саяси тұрақсыздық жағдайында тоқырауы мүмкін. Екі ел арасындағы екіжақты тауар айналымы 2020 жылы шамамен 622 млн долларды құрады. Оның 99%-дан астамы – біздің экспортымыз. Бұл негізінен ұн, астық және мұнай өнімдері.

Ал ҚР Ауғанстан Ислам Республикасынан тасымалдайтын импорты шамамен 2 млн долларға жуық. Оның көп бөлігі – жеміс-көкөніс өнімдері. Ауғанстандағы саяси жағдайға қарамастан, ауған тарапының қазақстандық өнімге мүдделілігі сақталып отыр.

– Қазір әлем назары Орталық Азияға ауды. Ауғанстан билігінің басына келген ұйымның нақты қандай саяси ұстаным ұстайтынын болжау қиын. Олардың діни ұстанымы бойынша біздің елдің терроризммен күрес ұйымдары қандай да бір экстремистік топтарды ұстайтын болса, қазіргі ауған билігі бұл іске араласуы мүмкін бе?

– Менің ойымша, араласпайды. Біздің ел қолданыстағы заңнамаға сәйкес қандай да бір экстремистік топтарды ұстаған жағдайда, бұл іске басқа елдің, оның ішінде ауған тарапының араласуына жол берілмейді.

– ҰҚК де, ҚМДБ да күшейтілген режимде жұмыс істеуі керек секілді. Ел ішінде тәліптердің ауған жерін басып алуы Қазақстанның да діни ахуалына әсер етуі мүмкін деген күдік бар…

– Қазіргі таңда «Талибан» қозғалысының стратегиялық мақсаттары түсініксіз. Дегенмен бір нәрсе анық, ол – Ауғанстанда Ислам Әмірлігін қайта құру. Әмірлік негізінен шариғат заңдары мен діни ұйғарымдар негізінде басқарылатын болады. Ауғанстандағы жағдай көбінесе «Талибан» басшыларының халықаралық міндеттемелер мен шарттарды орындауына байланысты болады.

Тәліптердің алдағы әрекеттерін, соның ішінде ауған басшылығы ауысуының Қазақстандағы діни жағдайға ықтимал әсерін (елдегі соңғы оқиғалар көрсеткендей) болжау оңай емес. Жалпы біздің еліміздегі діни ахуал тұрақты. Қазақстанның Ауғанстанмен шекаралас емес екенін және біздің еліміз үшін жалпы алғанда тікелей қауіптің жоқтығын айта кету керек.

– Тәліптер Орталық Азияда бейбіт өмір сүретіндерін айтып отыр. Дегенмен оған сену қиын. Бейбіт өмір сүрді дегеннің өзінде олар Ислам Халифатын құру туралы түпкі ниеттерін де жасырмайды. Қалай ойлайсыз, оларда Ислам Халифатын құратындай мүмкіндік бар ма?

– Иә, талибан басшылары Ауғанстанда Ислам Әмірлігін қалпына келтіруге ниет білдірді. Алайда 1996-2001 жылдар арасында Әмірліктің болғанын біз әлі ұмыта қойған жоқпыз. Ол – әйел құқығын айтарлықтай шектеу, қатаң нормалар, ортағасырлық жаза түрлері, тіпті өлім жазасы қатарлы адам шошырлық шектен шыққан қатігездікпен бәрінің есінде қалды.

Дегенмен тәлібтердің қазіргі мәлімдемелеріне сәйкес, оларда қатаң шектеулерге жүгіну ниеті жоқ. Атап айтқанда, өлім жазасын немесе қоғамдық жазаны қолдану тек шариғат сотының үкімімен ғана жүзеге асырылады. Исламдық киім дресс-кодын сақтай отырып қыздардың мектепке бара алатыны, ал әйелдердің ер адамдарсыз жүре алатыны, білім алып, жұмыс істей алатыны ресми мәлімделді. Бұл жағдайда тәліптердің сөзі мен ісі бір жерден шыға ма, жоқ па, сәл күте тұрған жөн.

– Егер қандай да бір жағдаймен талибан ұйымы Орталық Азияға көз салатындай болса, біздің одақтас мемлекеттер «көршілерімізді қорғаймыз» деген сылтаумен біздің ішкі-сыртқы істерімізге араласуы мүмкін бе?

– Жоғарыда атап өткенімдей, халықаралық құқықтың негізгі қағидаларының біріне, атап айтқанда, «араласпау» қағидасына сәйкес, егемен мемлекеттің ішкі істеріне кез келген өзге мемлекеттің араласуына жол берілмейді. Әрі қазіргі жағдайда мұндай сценарийдің ықтималдығы өте аз.

– Зарема Кәукенқызы, өзіңіз жақсы білесіз, біздің елдің біраз азаматы Сирияға кетіп, сол жақта түрлі діни-радикалды ұйымдардың құрамына енген болатын. Біразын қайтарып алдық. Ал бүгінгі таңда Ауған жерін басып алған тәліптердің қатарында Қазақстан азаматтары бар ма?

– Орталық Азия мемлекеттерінің қатарынан шыққандардың Ауғанстанның солтүстігінде әрекет жасап жатқаны айтылады. Сонымен қатар, олардың Талибан қозғалысымен байланысты да, байланыссыз да содырлық ұйымдардың қатарында болғаны туралы мәліметтер бар. Дегенмен нақты ауған жеріндегі тәліптердің қатарында Қазақстан азаматтары болғаны туралы ақпарат жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ержан ЖАУБАЙ