ШӘКІРТТЕР «ХАСЕКИ» АКАДЕМИЯСЫНА ОҚУҒА АТТАНДЫ

0
130

Бүгін, Шымкент қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия дін істері басқармасы арасында екі жақты келісім негізінде Хасеки академиясы 2021-2022 оқу жылына қабылданған шәкірттерді шағырып салу шарасы ұйымдастырылды.
Айтулы шараға ҚМДБ-ның Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл қажы Сейтбеков, Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, қала бас имамының кеңесшісі Бекайдар қажы Әміре арнайы қатысып, білім сапарына аттанған шәкірттерге батасын беріп, сәттілік тіледі.
Басқосу аясында ҚМДБ-ның Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл қажы Сейтбеков ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы сәлемін жеткізіп, шәкірттерге бірқатар ақыл-кеңестер беріп, оқу ордасындағы талап, ережелерді жан-жақты айтып өтті. Сондай-ақ, аталмыш оқу орында білім деңгейімен қатар студенттерге барлық жағдайдың жоғары екендігін тілге тиек етті.
Айта кетсек, Түркия Республикасы Дін істері басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы 2007 жылғы 29 қазандағы келісім негізінде қазақстандық шәкірттер 2014 жылдан бері Хасеки академиясында діни білімдерін жетілдіріп келеді. Биылғы 2021-2022 оқу жылы ҚМДБ-ның діни оқу орын бітірген, білімді, даярлық курстан және қабылдау емтиханынан «өте жақсы» деген баллға ие болған 40 шәкіртке оқуға жолдама берілді.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі