Рухани келісім күні

0
259

Рухани келісім күні – дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан барлығымызды біріктіретін қоғамдағы бейбітшілік пен ауызбіршілік күні.  Бұл мереке бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі болып табылады. Мерекенің арнайы аталып өтуі елімізде бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен сенімділік, бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға бағытталған.

Халқымызда «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген қанатты сөз бар. Жүзі, тілі, діні басқа болса да жүрегі бір, тілегі бір, Отаны бір қаншама ұлыстар мен ұлттарды біріктіріп, адамзаттық бейбітшілік пен діндераралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде еліміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. Жалпы алғанда, ішкі саяси тұрақтылықты – әртарапты қоғамдық құбылыс ретінде тануға болады  және  оған  әртүрлі: саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни, этникалық, тілдік тағы басқа да факторлар әсер етеді.

Діннің болмысы сондай, кейде діни сенімі күшті адам өзінің рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын  жақын  тұтып, соларға  жәрдем  етуге бейім болады және қажет болған кезде солардан қолдау күтіп, көмек сұрауға да дайын тұрады. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады.  Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деген.

Соңғы жылдары дінді ұстанушылар қатары күннен күнге арта түсуде. Мұның өзі егемен еліміздің бұл күрделі мәселеге үлкен маңыз беріп отырғанының жарқын көрінісі. Біздің еліміз сияқты көпұлтты қоғамда діннің әртүрлі ұлттардан құралған халықтың бірлігі мен татулығын сақтауда ерекше рөл атқаратынын, оның адамдарды мейірімділікке, ізгілікке баулитын имандылық мәнін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Дәстүрлі әлемдік діндердің барлығы татулық пен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, бауырмашыл болу, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болу ағайын-туысты татуластыру да адамның жанын нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, елдер бір бірімен тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды.

Бұл мысалдармен айтқымыз келгені, ағайын-туыс, бауырмен, сондай-ақ еліміз үшін көрші мемлекетпен тату болу, тіпті алыстағы шекарамыз түйіспейтін елдермен тату болу қазақ халқы үшін, барша адамзат үшін өте маңызы зор нәрсе. Өйткені, көршімен жақсы қарым-қатынаста болу, елімізде тыныштық орнап, бейбіт өмір сүруге септігін тигізеді.

Тәуелсіздік жылдары көпұлтты халқымызға тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Біз жыл сайын Рухани келісім күнін, Құрбан айт секілді діни мерекеліріміз бен өзге де дін өкілдерінің ұлттық, діни мерекелерін бірлесіп атап өтеміз. Бұл халық пен мемлекеттің, өзге діндер мен ұлттардың бөлінбей, керісінше бірге, тату болып отырғандығының көрінісі.

Рухани келісім арқылы біздің ұлтымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құрмет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Нұржан Күндебай,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы 
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы