Жалған некенің зардабы

0
732

Соңғы жылдары, еліміздің жас азаматтары шариғат пен заң талаптарын бұрмалап, түрлі себептермен (діни сауатсыздық, тәлім-тәрбиенің жеткіліксіздігі, қызбалық, ұшқалақтық, аңғалдық және т.б.) жат ағымдардың айла торына түсіп, ақ отау негізін құрайтын неке мәселесіне немқұрайлы көзқарас танытуда. Данагөй бабаларымыздың «Отан отбасынан басталады» деген сөзінің мән-мағынасына зер салмай, некелерін шариғатқа не заңға сай келмейтін жолмен қиып, үлкен кінәлі іске баруда.

Аталған мәселе еліміздің діни қызметін реттейтін уәкілетті органы – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен ҚМДБ өкілдерінің алаңдатушылығын туғызуда.

Еліміздегі неке-отбасы заңдарында мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) неке — ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ;

2)жалған неке — отбасын құру ниетінсіз ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын неке.

Бүгінгі күні теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кеткен жастар арасында некелерін «шариғат жолымен» қидық деп, заңды сырт айналып, жасырын түрде некелескендер саны артуда. Бұл өз тұрғысында жастарымызды, әсіресе, қара көз қыздарымызды, көптеген қиыншылықтарға ұрындырып, аталмыш жағдайдың нәтижесінде дүниеге келген бейкүнә сәбилердің обалына қалып жатқаны анық. Кейбір жағдайларда, өздерін «намазхан» деп атаған жігіттеріміз діннен хабары жоқ қыздардың басын айналдырып, ата-ана мен туған-туысқандардан жасырын түрде жалдамалы пәтерлерде, достарының үйлерінде не өзге жерлерде араларына жалған куәгерлерді қосып некеге тұрады. Сөйтіп, отау тіккендерін жария етпестен бірнеше әйелмен «некеге тұрып», қысқа мерзімнің ішінде отасқан әйелдерін талақ қылып, тастап жатады. Тіпті, талақ мәселесіне жеңіл-желпі қарағандары соншама, бұл сөзді телефон арқылы да айта беретін болған. Бұған қоса, әйелдерін талақ еткен жігіттер, өздерінің сол әйелдерін «діндарсымақ» достарына ұсынып, бірнеше мәрте заңдық күші жоқ некеге тұрғызған. Нәтижесінде, әйел адам бір жыл ішінде күйеуден-күйеуге шығып, ақыры баланың кімнен туғаның білмей жатқан жағдайлар да аз емес. Бұдан басқа, жалған неке, яғни отбасын құру мақсатын көздемейтін неке жарамсыз деп танылады. Әдетте, жалған некеге тұру қандай да бір мүліктік құқыққа және игілікке қол жеткізу мақсатында жасалады. Тұрғын үй алу, астаналық қалада тіркелу, тұрақты тұру үшін шетелге көшуді қалау, азаматтық алу, мұраға ие болу — мұндай мақсаттың көбінесе көздейтіні осылар. Жалған некені көзге басқаша көріну үшін жасалатын неке деп атауға болады. Жалған некені өз пайдасын көздеп жасалатын есепті некеден айыра білу керек. Соңғысы ерлі-зайыптылардың біреуі не екеуі тарапынан да белгілі бір пайданы көздеп жасалатын неке болса да, алайда сөзсіз отбасын

құру мақсатын көздейді. Жалған некеде мұндай мақсат мүлдем болмайды. «Есепті неке» коғамда теріс бағаланатындығына қарамастан, жарамсыз деп танылмайды, өйткені ол қандай да бір пайда табуға (материалдық, әлеуметтік және т.б.) ғана бағытталған емес, ерлі-зайыптық құқықтар мен міндеттерді белгілеуге бағытталған неке. Жаңадан құрылған отбасы мүшелеріне, жеке басының қауілсіздігіне нақты қатер төндіретін ауруын (мысалы, ВИЧ- инфекциясы, адам ағзасында ауруға қарсы тұратын заттардың жетіспеушілігі, соз ауруы және басқалары) жасырған адаммен қиылған неке жарамсыз деп танылуы мүмкін. Мәжбүрлеп қиылған неке де жарамсыз, діни әдет- ғұрыптарды қатал ұстанатын және келісімді қажет етпейтін әйелдерге қатысты жүзеге асырылады. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрілігі тарапынан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қоғамның көкейтесті мәселелерін қамтыған заң жобасы жан-жақты талқыланып, әзірленген болатын. Бүгінде аталған заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.

Аталмыш жобаға сәйкес, еліміздің зайырлы ұстанымын ескере отырып, «Некені (ерлі-зайыпты болуды) қию немесе тоқтату бойынша діни жоралар мен рәсімдерді мешіттерден тыс жерлерде жүргізуге жол берілмейді. Діни жоралар мен рәсімдер бойынша некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) ниет білдірген адамдардың біреуі мешітке келе алмайтын айрықша жағдайларда (ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, күзетпен ұсталуы немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы) некені діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиюды (ерлі-зайыпты болуды) үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілі (мешіт имамдары) жүргізеді.

Яғни, мешіттің имамынан тыс әрі жақындарынан жасырын жерде (қонақүйде, жалдамалы пәтерде, не өзге жерде) қиылған неке жалған деп танылады және заң алдында қауқарсыз.

Қорыта келе, адамзат өміріндегі жауапты қадамның бірі – «Ақ неке» ұғымының қадірін түсіріп алмас үшін, некелерін шариғат жолымен қиғысы келген жастарымыз, мешіт табалдырығын аттамас бұрын, барлық талаптарды ескере отырып, Жаратушы мен заң алдында өздеріне тиесілі жауапкершілікті түсініп, таза әрі адал жолмен ақ отауларына еш алаңдамай, сенімді әрі батыл қадам жасаса екен дейміз.

Т. Байманова
Шымкент қаласы дін істері басқарамасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
ақпараттық түсіндіру бөлімінің басшысы, дінтанушы