Мемлекеттегі дін еркіндігінің кепілдігі – зайырлылық ұстанымы

0
691

«Қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың үшіншісі – зайырлы қоғам мен жоғары руханият».
(Елбасы Н.Ә. Назарбаев)

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырғандықтан және адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның қымбат қазынасы болып табылатындықтан ел азаматтарының өздері қалаған дінге сенуі не ешбір дінге сенбеуі олардың конституциялық құқықтарының қатарынан орын алады. Еліміздің Конституциясына сәйкес азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған.

Конституцияның осы қағидалары дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігімен айқын көрсетілген.

Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дін саласында ашық әрі айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылықты атеизм, дінсіздік немесе дінді терістеушілік деп емес, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы деп түсіну қажет.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қарай дін туралы көп айтылып келеді. Бұл тақырыпта талай еңбектер де жарық көрді. Тіпті, мектептер мен орта, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында дінтану арнайы сабақ ретінде де оқытылып жүр. Солай бола тұрып, ең өкініштісі қазақстандықтардың дін жайлы білімдері тым таяз.

Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, рухани тірегі болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздің ішінде оңды-солды тіркеліп, діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен көптеген жат миссионерлердің істері – халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі ақиқат.

Біздің Республикамыздың дінаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз.

Діннің мемлекеттен бөлектігі мемлекеттің дін істеріне араласудан бас тартуына тұғырланады. Мемлекетте барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды, өз кезегінде, діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.

Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін заң шеңберінде реттеп отыратындықтан, ол дін субъектілерінен заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін заң шеңберінде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық ұғымы өзара ынтымақтастық пен түсіністікке, ал зайырлы мемлекет ұғымы заңдылық пен құқыққа негізделгенде ғана мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры қаланады.

Қорытындылай келе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні зайырлылық ұғымдарын дұрыс түсіне алуымыз қажет. Өкінішке орай, қоғам арасында зайырлылықты дінсіз қоғам деп жүрген әсіре діншіл азаматтар жоқ емес. Зайырлылық ешқандайда дінсіз атеистік қоғам емес. Зайырлылық қағидаттары еліміздің демократиялық тіректері, осылайша, ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің озық нәтижелеріне жете аламыз.

Мемлекеттің зайырлы сипаты – кез келген мемлекеттің заманауи, үдемелі дамуының негізі болып табылады.

Әліп ТҰРСЫНҒАЛИ,
дінтанушы,
Алматы қалалық ақпарат-түсіндіру топ мүшесі