«Имам барысы» турнирі өтті

0
200

ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің бастамасымен Орал қалалық Мұхаммед Ғариф Түлбаев атындағы мешітnің ұйымдастыруымен «Жекпе-жек» спорт кешенінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Имам барысы» атты қазақ күресінен турнир өтті.

Орал орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабралиев сөз алып, атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы екендігіне тоқталып, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) спортқа оң баға бергенін атап өтіп, ұйымдастырылып жатқан турнирге, жарысқа қатысушы балуандарға сәттілік тіледі.

Тұңғыш рет өткізілген имамдар арасындағы қазақ күресі сайысына қала, аудан, ауыл мешіттерінің  имамдары мен  ұстаздары қатысты. Турнирге 19 имам екі салмақта, яғни түйе және өгіз балуан дәрежесінде белдесіп бақ сынасты.

«Имам барысы» турнирінің түйе балуан атағын Жаңақала аудандық мешітінің наиб имамы Алтынбек Болатов (Жаңақала ауданы) иемденсе, екінші орынды Бақытжан Бектияров (Орал медресе-колледжі) жеңіп алып, үшінші орын Еркінбек Ебелекқажиевке (Теректі ауданы) бұйырды.

Өгіз балуан атағын Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің наиб имамы Әсет Романқұлов қанжығасына байлап, екінші орынды Ержан Темірешевке (Қазталов  ауданы) алса, үшінші орын Нұрәлім Қисметовке (Жаңақала ауданы) бұйырды.

Екі балуан да Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тапсырыспен жасалған «Имам барысы» белбеушесімен марапатталды. Аталмыш шарада жүлделі орын алған жеңімпаздар ақшалай сыйақылары мен облыстық спорт комитетінің дипломына ие болып, медальдарымен марапатталды.

Сондай-ақ турнирге қатысқан барлық балуандарға атымтай жомарт жандар қаржылай сыйақы табыстады. Жеңімпаздарға марапаттарды ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Бақытжан Құралбайұлы, БҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Бауыржан Бегайдаров, БҚО қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы табыстады.

Сонымен қатар турнир төрешілеріне Бақытжан Құралбайұлы алғысын білдіріп, Қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.

  ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі