А. Балаева QAZFORUM қазақ тілді онлайн-контент жасаушылардың V форумын ашты

0
426

QAZFORUM қазақ тілді онлайн-контентін жасаушылардың «Қазақ тілді интернет: жаңа шындықтар мен сын-қатерлер» тақырыбындағы V форумының ашылуы өтті. Форум жұмысын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева мен АҚШ-тың Қазақстандағы Уақытша Сенімді өкілі Джуди Куо ашты.Іс-шара АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігі ұйымдастыруымен ҚР мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуының қарсаңында өтуде. Министр өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілінде сапалы контент жасау – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, бүгінгі таңда мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тілді контенттің үлесі шамамен 80%-ды құрайды. Егер 10 жыл бұрын мемлекеттік тілде ақпарат тарататын 6 сайт болса, бүгінде жағдай мүлдем басқаша. Жылдан жылға қазақ тілді интернет-порталдардың саны да, оқырмандар саны да өсуде. Соңғы 2 жылда 46 жаңа сайт ашылды.Сонымен қатар, Министр А.Балаева қазақстандық журналистердің одан әрі кәсіби өсуі қажеттігіне назар аударды. Ол өз сөзінде Министрлік жанынан бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын қазақ тіліндегі контентті талдайтын жұмыс тобы құрылғанын айтты.»Көптеген ақпарат сайттары мәліметті қысқа әрі жеңіл жазуды таңдайды. Сондықтан бүгінде «Интил» («Intil») жазу формасы ұғымы пайда болды. Десе де жылдам ақпарат таратуды ғана ойлайтын сайттарда көп жағдайда тіл тазалығы болмайды. Мұның өзі, бірінші кезекте қазақ тілін интернет арқылы оқып үйренетін өскелең ұрпаққа кері әсер ететіні анық. Бұл ретте, биыл қыркүйек айында біздің Министрліктің қолдауымен елімізде алғаш рет «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігі» жинағы әзірленді. Аталған кітапта қате қолданылып жүрген 3,5 мыңнан астам сөз тіркестері анықталып, 2 мыңнан астам нақты мысал берілген», — деді А.Балаева. Сонымен қатар, А.Балаева бүгінгі ғаламдық цифрландыру заманында интернет әлемдік дәстүрлі медианың өзгеруіне зор ықпал етіп жатқанын айтты. «Бұл әсіресе былтыр орын алған пандемия кезінде айқын білінді. Түрлі әлеуметтік желілер, «WhatsApp», «телеграм-арналар», «YouTube» пен «Тik-Ток» қосымшалардан тараған жалған ақпараттардан қоғамда «инфодемия» мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Сондықтан біз дер кезінде шешім қабылдап, Stopfake.kz порталын іске қостық. Қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын сайт бүгінге дейін қоғамды әбігерге салған 2000 мыңға жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды. Соңғы аптадағы сайттың қаралымы 66 мыңнан асады. Бұл орайда, бүгінгі журналистер «фактчекинг» талабын үнемі есте ұстауы қажет», — деді Аида Балаева. Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100-ден астам маман қатысуда. Қатысушылар қатарында медиа-сарапшылар, блогерлер мен журналистер, БАҚ бас редакторлары мен бірінші басшылары, digital-сарапшылар мен жаңа контент жасаушылар бар.Естеріңізге сала кетейік, QazForum қазақ тілді онлайн-медианы дамытуға, сапалы контентті арттыруға және интернет желісінің қазақ сегментіндегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын іздеуге бағытталған бірегей алаң болып табылады.