Діндегі дүрдараздық білімсіздіктен басталады

0
467

Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «…Бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл – Қазақстандағы конфессия­аралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлт­аралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өске­лең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс», – деген болатын.

Елбасының осы айтқандарын басшылыққа алсақ, қоғамның рухани тұғырлары тіл, мәдениет, тарих, т.б. салаларға қоса дін негізінде де қалыптасатынын көруге болады.

Жалпы, қай қоғамды алсақ та, оның мәдениеті дінмен тікелей байланысты. Арғы-бергі тарихымызға көз жүгірте отырып, белгілі бір сенім-нанымға негізделмеген қоғамды табу қиын. Діннің мәңгілік қажеттілік екені ықылым замандардан аян. Сондықтан да дін мәселесіне жүрдім-бардым қарауға болмайды.

Еліміздегі әрбір азамат дін мәселесін терең ұғынып қана қоймай, оның үдесінен шыға білуі тиіс. Соңғы уақыттардағы дінге телініп жүрген кейбір келеңсіз мәселелер біздерге осыны айқын ұқтыруда.

Шын мәнінде біз дін мәселесіне үрке қараймыз. Соның ішінде соңғы кездері бірқатар мемлекеттердің тарапынан Ислам дініне түрлі күйелер жағылып, әртүрлі айдарлардың таңылып жатуы дінді жете түсінбегендіктен туындаған мәселе деп ойлаймыз. Оған біз қоғам болып, жұмыла отырып тосқауыл қоюға тиіспіз. Ол үшін бізге ең алдымен керегі – сауаттылық. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, білім мәселесі басты орынға қойылған жағдайда ғана бізде мұндай келеңсіздіктерге орын берілмесі айдан анық.

Жалпы, қасиетті Құран Кәрімнің әуелгі түскен аятында Алла тағалаға құлшылық жаса, намаз оқы деген жоқ. Ол «Оқы» деп түсті, яғни аят ілім-білімді үйренуге шақырды. Білімділік – Алла тағаланы тану, дұрыс құлшылық ету және жәннатқа апарар сара жол тек қана білімде жатыр.

Ұлы Алла тағала білімді мен білімсіздің ара-жігін мына аятта: «Сондай білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), – деп ашып көрсеткен. Тағы бір аятта: «Алла иман еткендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді», – деу арқылы білімге ұмтылудың қаншалықты ма-ңыздылығын ашып көрсеткен.

Сондай-ақ, Құран Кәрімнің 670 жерінде ілім жайында баян етіледі. Адамға білім алудың қаншалықты сауап екендігін әз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисінен де білуімізге болады: «Ей, Әбу Зар! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 ракағат нәпіл намаз оқығаннан да қайырлы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін мың ракағат нәпіл намаз оқудан қайырлы», – дейді (Ибн Мажа, Муқаддима, 16).

Ахмет Иүгінеки бабамыз:

«Өтеді абыроймен білімді жан.
Ал надан бейне өлік, жүрсе де аман.
Білімді бір тең келер мың кісіге,
Білімге сай пайдалы өзге не бар?

Біліммен ғалым өсіп, көкке жетер.
Адамды наданшылық төмен етер.
Білім ал, Жаратқанның соңғы елшісі:
«Білім қайда болса да ізде», – деген.

Білікті керек сөзді біліп айтар,
Қажетсіз, бос сөздерден бойын тартар.
Біліммен танылады бір Алла да,
Ешбір пайда, қайыр жоқ надандықта.
Шын білімі болмаған қанша халық,
Табынар құдай жасап қолдан пұтқа», – деп өз өлеңінде білім және надандық жайлы Құран және пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөзінде айтылған даналықтарды жыр шумағымен қысқа да, нұсқа етіп түсіндірген.

Надандықтың қараңғылығын сейілтіп, адам баласының жолын жарық ететін нұр – білім. Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек…», – деген.

Көрнектi ағартушы Ыбырай Алтынсарин өзiнiң «Мұсылмандықтың тұтқасы» деген еңбегiн жариялаған болатын. Ол ондағы негiзгі мақсаты турасында: «Бiрiншiден, қазақ жастарының дiн жөнiндегi түсiнiктерi терiс бағытқа түсiп кетпеуi үшiн, ал екiншiден, қазақтың жазба тiлiнде татар тiлi орынсыз етек алуына жол бермеу үшiн мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатын үйрене бастап … осы оқу құралын құрастыруға кiрiстiм», – дейдi.

Маман дайындауда, міне, осындай негізгі мәселелерге, яғни ғылыми зерттеуді негіздеу мен оқулықтар мәселесі мықтап қолға алынса, ол жақсы нәтижеге жеткізетіні сөзсіз. Олай болмағанда «дүмше молда дін бұзардың» салдарына ұшырайтынымыз айдан анық. Өйткені, бүгінгі күнде дінді білмесе де, ақпарат құралдары арқылы өз қалауынша «пәтуа» жазып жүргендер аз емес.

Шындап келгенде, олардың басым көпшілігінің діни білімдері шала, мағлұматтары жоқ, кезінде дінге қатысы жоқ өзге салада қызмет атқарған азаматтар. Соған қарамастан, өздерінің шалдыр-шатпағын таралымы бірнеше мыңдаған газет-журналдарға жариялап жатады.

Бұл жөнінде ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі былай деген болатын: «Бұл күнде дін туралы білсе де, білмесе де шамалап, тұспалдап «ақыл» айтып, пікір білдірушілердің бары рас. Солардың көбінің басы әлі сәждеге тимеген, діни білімі тұрмақ мағлұматтары да шамалы. Мұнысын бір отбасында, не отырыста айтса бір жөн, таралымы әлденеше мыңдаған баспасөз бетінде жариялап, телеарналар мен радиодан миллиондаған тыңдарман-көрерменге сайрап жатса, зардабын ойлап көріңіз. Бұқаралық ақпарат құралдары ел, ұлттар мен ұлыстар, дінаралық достық пен түсіністік, ынтымақ үшін қызмет атқаруы тиіс. Дегенмен атын дін арқылы шығарғысы, өзін дін жанашыры әрі қамқоршысы етіп көрсеткісі келетіндер де жоқ емес. Олар білсе де, білмесе де дін туралы жазып немесе БАҚ арқылы атүсті, не біржақты мешеу ойларын тықпалап жатады. Өкініштісі, жұрт кейде оны байыбына, анық-қанығына бармай-ақ қабылдай береді.

Үлкен аудитория – телеарна мен радиода уағызды тек арнаулы діни білімі бар, тәжірибесі мол, Ханафи мәзһабын берік ұстанған діндарлар ғана айтуы тиіс. Сондай ниетпен айтылған уағыз ғана жүрекке жетеді».

Иә, діни білімсіздіктің алдын алу – кезек күттірмес мәселе. Ол үшін маман даярлау – ең басты мақсат.

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ