Діни радикалдану – қоғамға қауіпті құбылыс

0
478

Бүгін Маңғыстау облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласы әкімдігінің «Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығы» мәдени демалыс кешені» КММ-де «Діни радикалдану – қоғамға қауіпті құбылыс» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

Іс-шарада сөз сөйлеген ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің хатшысы, РАНТ мүшесі, филология ғылымдарының PhD докторы Батыржан Мансұров жиналған қауым алдында жастық шақтың қадірі, білімді жас кезде көбірек алуға тырысу, елге ата-бабаларымыз армандаған істерді жасау, жат ағымдарға алданып қалмау үшін діни білім мен мәліметтерді осы саланың мамандарынан ғана алу турасында кеңінен әңгімеледі.

– Қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығару, ұлттық құндылықтарымызды  дәстүрлі Ислам құндылықтарымен ұштастыра алмау діни адасушылыққа әкеп соқтырып, еліміздегі діни ахуалға нұқсан келтіруде. Бастапқы діни білімді отандық медреселер мен мешіттегі имамдардан алмаған жастардың шетелдегі күмәнді діни білім ордаларына баруы олардың жеке бастарына да, ұлтымызға да, мемлекетіміздің  қауіпсіздігіне де қатер. Өйткені, жат идеологияны бойына сіңірген қаракөздеріміз радикалданып, халықаралық террористік ұйымдарға қосылуда. Бұл қауіптің алдын алу үшін діни білімді Қазақстанда алудың маңызы өте зор, – деді ол.

Батыржан Мансұров жастарды ата-бабамыз армандап кеткен тәуелсіздікті баянды етеміз десек, ең алдымен білім алып, елге адал қызмет етуге шақырды.

Кездесу барысында жиналған қауым тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.