Құрметті қауым, баршаңызды Х Азаматтық форумның ашылуымен құттықтаймын!

0
414

Бұл — мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың үйлесімді дамуына зор үлес қосатын маңызды басқосу. Азаматтық қоғам құру біз үшін негізгі басымдықтың бірі.

Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан форум осының айқын дәлелі. Диалогтың осы үлгісі көптеген мәселені талқылап ұсыныс әзірлейтін тиімді пікірталас алаңына айналды.

Форум Азаматтық бастамаларды қолдау үшін жүйелі шаралар қабылдауға септігін тигізуде. Сондай-ақ стратегиялық және заңнамалық құжаттар дайындауға ықпал етуде.

Былтыр менің жарлығыммен «Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың серіктестігін күшейтуді көздейді. Оған қоса тұрғындардың елдік істерге еркін араласуына мүмкіндік береді. Шын мәнінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен әділетті қоғам құру жолында өзара ынтымақтастық маңызды рөл атқарады.

Егемендік жылдары Қазақстанды үкіметтік емес сектордың қызметі айтарлықтай жанданды. Қазір 2500 ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен гранттық қолдауға ие болып отыр. Олар жыл сайын 2000-нан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырады. Үкіметтік емес ұйымдар сан түрлі саланы өркендетуге атсалысып келеді.

Індет кезінде қоғам өкілдері волонтерлер мен меценаттар отаншылдық пен елге қамқорлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Біз осындай игілікті істерді жалғастыра беруіміз керек. Бүгінгі басқосу Азаматтық белсенділікті одан әрі арттырып сындарлы қоғамдық диалогты нығайта түседі деп сенемін. Форумның жұмысына табыс тілеймін.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Республикасының Президенті
2021 жылғы 26 қараша