Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

0
543

Заң аясында дін саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулер енгізілді.

Мәселен, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабардар ету тәртібі көзделеді. Хабарламаны діни бірлестік жергілікті атқарушы органға олар өткізілетін күнге дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат нысанында беретін болады.
Бұрын діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде өткізу үшін үй-жайлардың орналасуын жергілікті атқарушы органдармен келісу қажет болатын.

Азаматтардың ар-ождан бостандығына құқығы нақтыланды және «дінтану сараптамасы»ұғымы кеңейтілді.

«Діни мазмұндағы ақпараттық материал» ұғымына – кез келген материалдық тасымалдағыштағы діни сипаттағы баспа, электрондық және өзге де ақпаратқа анықтама берілді. Бұрын бұл ұғым заңда ашылмаған, бұл сенушілер мен құқық қорғау ұйымдарының сынына себеп болды.

Өңірлік діни бірлестікті құру тәртібі оңайлатылды. Енді жалпы саны 500 адамнан кем емес бір өңірден кемінде екі жергілікті діни бірлестіктің бастамасы жеткілікті болады. Бұған дейін кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Астанадан өкілдік ететін екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің (әрбір бірлестікке 250 азаматтан) қатысушысы болып табылатын кемінде 500 азаматтың бастамасы талап етілді.