Қаруды заңсыз сақтағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады – ІІМ

0
83

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз дәстүрлі брифинг барысында айтты.

Қаңтар айындағы оқиғалар барысында қылмыскерлер қару-жарақ дүкендерінен, құқық қорғау және арнайы органдардың ғимараттарынан атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлады. Олар заңсыз мақсаттарға пайдаланылып, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өту қажет, – деді ол.

Естеріңізге сала кетейін, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыстар болмаса, жауапкершіліктен босатылады.

Осыған байланысты ІІМ азаматтарды заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады. Жазатайым оқиғалар мен жарақаттанудың алдын алу мақсатында табылған жарылғыш материалдарға және оқ-дәрілерге тиіспеуге және оларды тасымалдауға тырыспауға, бұл туралы полицияға 102 немесе 112 телефондары бойынша хабарлауды сұраймыз, – деді Нұрділдә Ораз.