Елімізде жыл басында орын алған бейбіт шерудің соңы жаппай бүлікке ұласты. Артынша бұл тәртіпсіздіктерді террористер, кейбір діни ағым өкілдері ұйымдастырды деген мәлімет айтылды. Таяқтың бір ұшы дінге де тиіп кетіп жатыр. Осы орайда философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Жалғас Садуахасұлы KAZISLAM ақпараттық-танымдық порталының тілшісіне бүліктің астарынан діни себептерді іздеудің қаншалықты қисынды екендігі жайында ойын айтып берді.

– Жалғас аға, кешегі дүрбелеңнің бастауында діншілдер тұр деген пікір бүгінде көп айтылуда. Бұған қатысты ойыңызды білсек?

– Мұндай қанды оқиғалар қазақ халқының басына қайтып келмесін. Біреулер баласынан, екіншісі бауырынан, үшіншісі әкесінен айырылды. Көптеген шаңырақ қара жамылып, орны толмас қайғыға ұшырады. Көптеген кәсіпкерлер күнделікті нәпақасын теріп отырған кәсібінен айырылып, сан соқты. Жақындарынан айырылған отбасыларына көңіл айтып, бақилық болған бауырларымыз иманды болсын, еліміз мұндай дүрбелеңнен аман болғай.

Сократ есімді грек данышпанынан шәкірттерінің бірі:

– Уа, ұстаз! Дүниедегі ең жеңіл нәрсе не? – деп сұраған көрінеді. Сонда данышпан:

– Ақыл айту, – депті.

Сондықтан мен ақыл айтудан аулақпын. Бар болғаны өзімнің салама сәйкес бірнеше сұраққа тоқталып өтсем. Өкінішке қарай, бүгінде ақыл айтушылар мен баға берушілер көп болып кетті. Әсіресе, ғаламтор желісінде орынды-орынсыз сөз сөйлеу, ғайбаттау, фейк тарату, белгілі саланың маманы болмаса да, сол салаға қатысты «сарапшы» рөліне кіріп ақыл айту, қатты сынау және т.б. Қазақ басынан өткізген бұл қаралы күндерге де тарих өз бағасын береді. Құзіретті органдар тергеу жұмыстары аяқталған соң, бейбіт шеруді бүлікке айналдырған кінәлі азаматтарды анықтап, лайық үкімдерін шығарады деп сенемін.

Расымен де, соңғы күндері бұл оқиғаны дінмен байланыстыру үрдісі байқалады. Бірақ ол азаматтардың арасында (дүкендерді тонағандар, ғимаратты өртегендер, қару атқандары) діншілі де, дінсізі де, агностик те немесе басқа да сенім иелерінің болғаны анық. Сол үшін бұл құбылыстың артынан тек діни мотив іздеген немесе бір жақты дінмен байланыстырған қате пікір.

Әрине, кейбір жастарды құрал ретінде пайдаланған болулары да мүмкін, бірақ, қалай болғанда да арнайы сарапшы мамандар болған жағдайды толықтай қамту үшін оқиғаны бөліп-бөліп емес, объективті түрде саралайды деп білемін. Себебі олардың қолында бізге беймәлім нақты ақпараттар немесе бұлжымас айғақтардың бары сөзсіз.

Ал енді сұраққа оралатын болсақ, дінді қабылдап, оны бойына сіңіріп, рухани әлемі өзгеретін адам бар, өзгермейтіндері де бар. Өзгермейтіндер дегеніміз, дінді сыртымен қабылдап, оны бойына сіңіре алмағандар. Ондай адамның бойында дінді қабылдамай тұрған кездегі мінезі мен әдеті, сөйлеу мәнері өзгермей қалып қояды. Ол тек сыртқы киімін немесе пішімін ғана өзгертуі мүмкін, бірақ ішкі дүниесі баяғы қалпында қалады.

Басқаша айтқанда, бұрын бұзықтыққа, ұрлыққа немесе дөрекі сөзге әуес болған кейбір адам осы әдеттерінен арылмайды. Оның ерекшелігі сол, тек сыртқы көріністе діни адам болмақ. Ол баяғы қылықтарына бейім немесе оларды «дінмен жауып» еркін орындап жүре береді.

Мысалы, ұрлық жасайды, тонаушылықпен, контрабандамен немесе жемқорлықпен айналысады, ішімдік ішеді және т.б. яғни дінде тыйым салынған амалдарды еркін орындап жүреді. Әсіресе мұндай құбылысты деструктивті ағым өкілдерінен де жиі байқауға болады. Батыс өңірде болған жанармай бекетінің тоналуы, жеке азаматтардың жәбір көруі сияқты т.б. қылмыстық әрекеттер осының нақты дәлелдері болмақ.

Көп жағдайда бұқара халық осындай азаматтардың жасап жүрген амалдарын көріп, дінге баға беріп жатады. Біз бір нәрсені әсте естен шығармауымыз қажет: ТЕРОРИЗМНІҢ ДІНІ, ТІЛІ, ТҮСІ немесе НӘСІЛІ БОЛМАЙДЫ.

– Өкінішке қарай, көп адам соларға қарап, дінге баға беріп жатады…

– Иә, бүгінде көп жағдайда діннің негізгі мазмұнын құрайтын ішкі құндылықтарына емес, керісінше өзін мұсылман етіп көрсеткен немесе «мен мұсылманмын» деген адамның бойына қарап баға беріп жатамыз. Исламды бұлай түсіну, оған осылай жеңіл баға беру – қате.

Себебі ол адамның бойында жалпы адамға тән кемшілік болуы мүмкін немесе ол діни сауаты аз яки болмаса дінді жамылып, өзінің жеке мүддесін көздеп, әрекет ететін белгілі топ, жамағат мүшесі болуы да ықтимал. Енді қалайша біз ондай адамның әрекетіне қарап, бүтін дінге баға береміз?!

Ислам – әмбебап дін. Мысалы, егер сіз медицинаны бағалайтын болсаңыз, онда қандай да бір дәрігердің кәсібилігіне, білімі мен білімсіздігіне қарап қорытынды жасамайсыз. Жалпы алғанда медицина ғылымы жақсы, ал дәрігердің өз мамандығын біліп, білмеуі өз қабілетіне байланысты. Нашар болса, дәрігер нашар болуы мүмкін, бірақ, медицина емес.

Дәл сол сияқты Ислам діні – ізгілік. Кемшілік дінде емес, оны бойына дұрыс сіңіре аламаған адамда. Ал енді қолына жарылғыш зат алып, бейбіт тұрғындарды өлтіретін топтарды көрсетіп, «Ислам – осы» деп немесе «исламистер» деген атаумен БАҚ құралдарында көрсетушілердің мақсаты – қоғамда исламофобия (Исламға үрке қарау, жиіркеніш сезімін туғызу) туғызу. Әдетте бұл жағдай батыс мемлекеттеріне тән құбылыс дер едім. Егер де қандайда заң бұзушылықты дінді жамылған бір радикал топ жасағаны анықталса, онда оның атын атап, түсін түстеп көрсету қажет.

– Осы орайда Исламда өзгенің өміріне қол сұқпау, қол көтермеу жайында не айтылған?

– Бұл – үлкен тақырып. Ашық ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан халқының 70 астам пайыздан астамы мұсылман. Бұлардың барлығы өзге дін өкілдерімен бір шаңырақ астында татулық пен бірлікте ғұмыр кешуде. Бейбітшілік пен бірліктің негізін қалауда бірқатар факторлар бар. Солардың бірі –мұсылман халқының салты және дәстүрімен біте қайнасқан Ислам діні. Себебі бейбітшілікті байрақ тұтқан ислам, мұсылман ұлттар мен этностардың барлық дерлік салттары мен дәстүрлерінде, тарихы мен мәдеиетінде көрініс тапқан. Мұны ешкім жоққа шырара алмайды.

Бойына Ислам құндылықтарын сіңірген иманды адам – көркем мінезді адам. Қазақ бұзық, қиянатшыл, көргенсіз адамды «имансыз» деп айтады. Демек, «иманды» адам – жақсы адам. «Ислам» сөзі бейбітшілікамандық мағыналарын білдірсе, «мұсылман» сөзі Алланың әміріне бойұсынған деген мағынаны береді. Діндар, құдайшыл әрі тақуа адам қалайша Жаратушының «адамды өлтірме» деген әміріне қарсы шығып, басқаларды қанішерлікке шақырмақ, жазықсыз адамдарды өлтірмек?!

Исламда адам өмірі, құқығы – қасиетті ұғымдар, бұлар бірінші кезекте қорғалады. Исламда адамға жан берген, оған жарық өмір сыйлаған – Жаратушы. Демек, адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Ал енді аманатқа қиянат жасау – мұсылман баласына жат қылық. Діннің шартына сәйкес, берген аманатты оның Иесі ғана алуға құқылы.

Сол үшін Ислам догмасы бойынша бұл дүниеде ұрлаған немесе бұзықтық қылған адам да Алланың ашуына тап болмақ. «Мәида» сүресінде Алла бір адамның өмірін күллі адамның өмірімен теңеген. Бір адамды өлтіру – барлық адамды өлтіргенмен тең болғаны сияқты, бір адамның өмірін құтқару – бүкіл адамның жанын аман алып қалған болып есептеледі.

– Жастар арасында осы құндылықтар аз насихатталып жатыр деп ойлайсыз ба?

– Жастардың діни жат ағымдар мен секталардың ықпалына түсіп кетпесі үшін жалпы діни танымдық, ақпараттық жұмыстар жасалуы керек, бұл – заман талабы.

Мына жаһандану заманында адам мүмкіндігінше дін туралы дұрыс ақпаратқа ие болуы тиіс. Ол адамның дінді ұстануы не ұстанбауы өз еркі. Бірақ бірқатар діни ақпараттан, дін туралы негізгі мәліметтерден хабары болғаны мақұл.

Қазақ: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деп бекер айтпаған. Әсіресе, жастар теріс пиғылды жат ағымдарға немесе діннің шапанын жамылған түрлі теріс діни ұйымдар мен секталардың ықпалына түсіп кетпеуі үшін діни профилактика жұмыстары қажет.

Баланың қолынан гаджет түспейтін бұл күнде ғаламтор желісінде ватсаптан да, телеграмнан да түрлі діни сарында үгіт-насихаттар келіп жатады, яғни псевдошейхтер және өздерін дін деп танытып жүрген кейбір адасқан діни нанымдар мен сенімдердің арбауына түсіп кету қаупі жоғары. Мұндай жағдайда дін маманымен немесе мешіт имамымен кеңесіп отырған дұрыс.

Бәлкім, ата-ана: «Мен дінді қаламаймын», – деп діни профилактикадан, ақпараттан бас тартып жүруі әбден мүмкін. Бірақ, ол кісі баласын немесе қызын үнемі бақылап жүре алмайды. Ерте ме кеш пе баласы дінге, сенімге, нанымға қызығушылық танытуы ғажап емес. Адамның табиғаты – білмейтін нәрсеге әуес келеді. Міне, жасөспірімге діни профилактика осы уақытта көмекке келмек.

– Маман ретінде террористердің әлеуметтік-психологиялық портретін шамалап сомдай аласыз ба?

– Деструктивті діни ұйымдар мен ағымдардың соңынан еретіндердің БАСЫМ БӨЛІГІ – діни сауаты мүлде жоқ немесе төмен адамдар. Бұрын арнайы діни оқуды оқымаған немесе дінді ғаламтор желісінен үйренумен шектелген жандар.

Мұндай адамдар қоғамды «біз» және «бізден емес» деп екіге бөліп қарайтындар. Эмоцияға беріліп: «Менікі дұрыс. Себебі мен Құдай үшін жасап жатырмын» деген оймен кез келген амалға баруы ғажап емес.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін мысал келтірейік. Кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің психолог мамандары Қазақстанда терактілер ұйымдастырған адамдардың психологиялық портретін жасаған болатын. Олардың айтуынша, теракт ұйымдастыруға бірінші кезекте билікқұмарлар барады екен. Екінші кезекте  – пайдакүнемдер. Яғни, діннің емес, дүниенің қамын ойлағандар. Үшінші кезекте – әсіредіншілдер.

Елімізде теракт жасаумен айналысқан адамдардың ішінде басым бөлігі – бұрын маскүнемдікке салынғандар; есірткіге таңылғандар; құмар ойынға тәуелділер; бұрын сотталғандар. Сонымен қатар, бір тұлға бір мезгілде есірткіге де салынғаны, сотталған болуы да мүмкін. Кейін олардың қатарын жай-күйі төмен, баспанасы жоқ, мүлдем діни білімі таяз азаматтар құрайды. Ал енді осылардың 16%-нда толық емес діни білімі немесе жай ғана бастауыш діни сауаты болған.

Бұл біздің Қазақстандағы террористің әлеуметтік-психологиялық портреті. Байқасаңыз, «дін жолындағы террорист» деп танылғандардың 84%-ның діни білімі мүлдем жоқ.

– Халықтың бірлігі мен ынтымағының беріктігін сақтап қалу үшін қандай жұмыстарды күшейту керек?

– Қазақстан халқын, қазақ жастарын ортақ мүдде мен асқақ мақсатқа жігерлендіріп, жетелейтін ортақ идеология жетіспейді. Ол үшін жаңа велосипед ойлап шығарудың қажеті жоқ. Бар болғаны қазақ халқының рухына тән мұрасын жандандыратын, тілі мен діліне һәм мәдени және тарихи қалыптасқан мұсылманшылық менталитетті өсіретін дүние болуы керек. Бұл идеология ұлттық нақышта, отбасылық құндылықтар мен тәрбиені қамтыса нұр үстіне нұр.

Осы орайда бір оқиға еске оралып отыр: 1993 жылы «Қолөнер» сабағында марқұм Борис есімді ағайымыз дәріс берді. Ол кісі сандық, кебеже, домбыра секілді қазақ халқының ұлттық бұйымдарын жасайтын қолөнер шебері еді.

Ол 1960 жылы Эрмитажда өтетін КСРО халқының қолөнер көрмесіне арнайы қатысатын болыпты. Борис ағайымыз бір темір зат қоспастан сап жиде ағашынан, бояуын да табиғи өсімдіктерден алып, қою қоңыр түске боялған ұлттық нақышта ою-өрнекпен көркемдеп, жеңіл һәм сүйкімді бесік жасайды.

Эрмитажға барып, бесікті қойып, бұйымды бағалайтын арнайы комиссияны күтеді. Қасына шет тіліне аударатын тәржімашы қазақ баласы келіпті. Ол бесікті көріп: «Ой, ағасы. Бар болғаны бесік алып келгенсіз бе?» – деп бесікті таныстыруға намыстанып кетіп қалады. Әлгі жерде ағайдың жалғыз өзі тұрады. КСРО халқы мен шетел мамандарынан құрылған әділқазылар  келген уақытта ағайымыз білетін бар орысшасын айтып, қазақтың мәдениетін түсіндіріп, бала тәрбиесіндегі бесіктің маңызы мен орнын баяндайды. Олардың барлығы тығдап тұрып қалған екен. Сөйтіп, ағайымыз Эрмитаж көрмесінде қазақтың бесігін танытып, ең жоғарғы жүлде алтын медальмен оралады.

Айтайын дегенім, елдегі ынтымақ пен бірлік, достық пен тұрақтылықты дамытуда ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың орны айрықша. Қарасаңыз бір ғана бесікпен әлем халқын тамсандырып, мойындатқан қазақ мәдениетін, тарихын бүгінгі жас буынға неге тиісінше дәріптемеске?!

– Алтын уақытыңызды бөліп, құнды ақпараттармен бөліскеніңізге рақмет!

                                                                        Әңгімелескен Балжан ӘБДІРАШ

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *