ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

0
442

Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мейрамына орай елордадағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде мерекелік шара ұйымдастырылды. Мешіт ауласына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өткізілді.

Бесін намазынан соң мешіт ауласында бас қосқан жамағат арасында ләңгі тебу, бұқа тартыс, гір көтеру және қол күрестіру ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар берілді.

Мешіт ауласындағы мерекелік шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов сынды құрметті қонақтар қатысып, жамағатты Наурыз мерекесімен құттықтады.

Ұлттық мейрамға орай ұйымдастырылған тұсаукесер рәсімі өтіп, сәбидің құлағына азан шақырылып, есімі қойылды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сәбиге ақ батасын беріп, ұлыстың ұлы күнінде салт-дәстүріміз ұлықталды. Дастархан басында қазақы қара домбыра күмбірлеп, ән мен жырдан шашу шашылды.