«Халал – шариғат талабы» кітабының танытымы өтті

0
372

Бүгін ҚМДБ-ның «Шымкент» медресе-колледжінің ғылыми кітапханасында жуырда жарық көрген «Халал – шариғат талабы» кітабының танытымы өтті.

Танытым шарасына Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, «Шымкент» медресе колледжінің директоры Талғат Әсембай, қалалық «Дархан дала» отандық туризм бөлімінің жетекшісі, найб имам Мұхамеджан Естеміров, қалалық «Халал Даму» бөлімінің бақылаушы маманы Қазыбек Сарыбаевтар қатысты.

«Бұл еңбекте халал мен харамға, оның амал-құлшылыққа тигізер әсеріне, дастархандағы астың тазалығы мен адалдығына, адал өнім тұтынудың ұрпақ денсаулығы мен тәрбиесіне тигізер ықпалына қатысты маңызды мәліметтер, пайдалы ақпараттар мен анықтамалар берілген. Әлемдік халал стандарттарында көрсетілген құнды деректерді баяндай отырып, шариғатымыз бойынша харам және күмәнді болып саналатын өнімдерден сақтанудың жолдары ұсынылады. Мұсылмандық дүниетаным мен қазақи пайымды салыстыра отырып, халал төңірегіндегі өзге де мәселелерді қозғайды», — деді бас имам Бақдаулет Нұрматұлы.

Осыдан кейін, қалалық «Халал Даму» бөлімінің басқылаушы маманы Қазыбек Сарыбаев «Халал өнім – шариғат талабы» тақырыбы аясында арнайы  баяндама оқып, медресе кітапханасына қырық дана кітап сыйға тарту етті.

Айт кетсек, танытым шарасын соң оқу ордасының акт залында ұстаздар мен шәкірттердің қатысуымен семинар дәріс өткізілді. Дәріс аясында шәкірттердің қойған бірнеше сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі