Мешіт жамағатын тонап келген жігіт ұсталды

0
428

Бұрын сотталған жас жігіт Алматы облысында мешітке келушілерді тонап жүрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полицияның мәліметінше, ақпан айының соңынан бастап Тұздыбастау, Гүлдала, Қызыл ту және Панфилов кенттерінде орналасқан мешіттерге келуші жамағаттан өтініштер түсе бастаған. Үнемі маска тағып жүрген қылмыскердің әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бүгінде күдіктінің 16 ұрлыққа қатысы бар екені расталды.

«Күдікті ақшам намазы уақытын пайдаланып, мешітке келушілердің қолма-қол ақшасын, ұялы телефондары мен бағалы заттарын ұрлап жүрген. Ол мешіт ішінде де, сыртында да ұрлық жасап, тұраққа қойылған көліктерді де ашқан. Көлік әйнектерін пластикалық негізі және болат ұшы бар арнайы балғамен сындырған. Ұсталған ер адам бұрын ұрлық жасағаны үшін жауапқа тартылған Есік қаласының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір оның облыста осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатысы тексерілуде», – деп хабарлады Талғар аудандық полиция бастығының орынбасары Андрей Бурянский.

Қылмыстық іс материалдарында айғақ дәлел ретінде тәркіленген бейнежазбалар, ұрланған телефондар мен қылмыс қаруы бар. Күдікті ер адам тергеу аяқталғанша қамауда болады.