«Ханафи мәзһабының методологиясы» тақырыбында кездесу өтті

0
96

Маңғыстау облысы Дін істері басқарамасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 30 сәуір күні Жусан репатрианттарымен «Ханафи мәзһабының методологиясы» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Шараны РАТТ мүшесі, «Отпан» орталығының басшысы Азамат Тулепов жүргізді.

Исламдағы мәзһабтар (фиқһ және ақида) көп жағдайда сол мәзһабтың негізін салған адамның есімімен аталатын болған. VІІ-VІІІ ғасырларда орталығы Куфа қаласы болып табылатын Ирак жерінде негізі қаланды.

Кейінгі ғасырларда дамып жайыла түскен Ирак құқықтық (фиқһ) мектебіне және осы мектептің әдіснамасын қалыптастырған Имам Ағзам Әбу Ханифаның есімімен байланыстырылып Ханафи мәзһабы деген атау берді.

Исламдағы құқықтық дүниетанымның және ижтиһад түсінігінің дамуына үлес қосқан Әбу Ханифа көбіне «Имам Ағзам» деген атпен танымал болды. Ол 699 жылы Куфа қаласында өмірге келді. Оның шыққан тегі туралы тарихи деректер әр түрлі мәліметтер береді. Біреулер парсы десе, келесі біреулер түркі тектес деген пікірді алға тартты. Тек араб ұлтынан емес екені анық.

Әбу Ханифа өзі өмір сүрген VІІІ ғасырда сенімдік және құқықтық мәселелерді рационалдық тұрғыда және практикалық ұстанымдар аясында қарастырғандықтан өз заманынан озып туған ғұлама саналады. Ол өзінің Құран және Сүннетпен негіздеген көзқарастарын аталған екі қайнар көздің аясында ақыл-ойдың қызметімен дәйектей түскен.

Ханафи мәзһабының қалыптасуы Әбу Ханифадан бұрын Ирак аймағында қалыптасқан «Рой мектебімен» тығыз байланысты. Сөздікте мәні «жеке көзқарас, ой және тоқтам» деген мағыналарға келетін «Рой» сөзі фиқһ терминологиясында «мужтаһидтің діни мәселені шешу барысында Құран және Сүннеттен дәлел табылмаған жағдайда белгілі бір әдістерге сүйене отырып, қол жеткізген жеке көзқарасы» деген мағынада қолданылады.