Деструктивті діни ағымдардың әлеуметтік-психологиялық мәселелері

0
785

Қазіргі қоғамда адамдардың психологиялық жағдайына көптеген факторлар әсер етеді. Енді осы деструктивті діни ағымдарға жастардың бейімделуінің психологиялық аспектілеріне, Ресей психологтары мен дін саласындағы мамандарының зерттеулері бойынша деструктивті діни ағымдардың адамдарды өздеріне тарту әдістерінің кезеңдері мен психологиялық манипуляция жасау ерекшеліктеріне тоқталып өтейік.

Психолог ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда жастардың  бойындағы маңызды өзгерістердің бірі – теріс бағыттағы ағымға мүше болуымен қатар оның нормативтік жүйелері мен ұстанымдарын қабылдауы. Бұндай жағдайдың соңы жеке тұлғаның өзгеруіне, қоғамнан бөлектенуіне, сонымен қатар жасырын әрекет етуіне әкеп соғады.

Жаһандану – қоғамдағы мобильді өзгерістер кезеңінде жеке тұлғаның көбінесе кез келген қайталанатын оқиғаларға мән бермей, бейсаналық әрекет етуіне тура келетін жағдайлары. Мидың табиғи процестеріне байланысты шартты рефлекстер пайда болады. Адам алынған ақпаратты автоматты түрде қабылдайды және оған өзіндік талдау жүргізеді. Осылайша әрбір жеке адам жағымды да, жағымсыз да белгілі бір қатынастарды сезінбейді.

Өркениет жағдайында адамға екі жақты әсер ететін тағы бір жағдай – бұқаралық ақпараттың нәтижесінде негативті әсерге ұшырау қаупі.  Адам психикасына әсер етудің ең тиімді әдістерінің бірін “нейролингвистикалық бағдарламалау” (НЛБ) деп атауға болады. Нейролингвистикалық бағдарламалау негізінде адамның күйлерін белгілі бір мінез-құлық үлгілерімен байланыстыратындығы маңызды болып табылады. Мұнда жетекші рөлді ынталандыру атқарады, нәтижесінде адам белгілі бір реакциямен байланысты болады және оны іске қосады.

Сонымен бірге деструктивті ағымдардың ассоциалдық және кей жағдайда қылмыстық сипаты жасырылады. Мұндай бірлестіктердегі психологиялық зорлық-зомбылық сүйіспеншілік пен қамқорлық түрінде ұсынылады. Әдетте, адам топтық құпиялылық күйіне көшіп, өз ортасындағы адамдардың ғана қарым-қатынасын шынайы, құнды деп бағалайды. Деструктивті діни ағым өз ұстанушыларына жеке және топтық сабақтар мен тренингтер үнемі өткізіп отырады. Ағым мүшелері «ағартушылыққа» уәде беретін ақысыз семинарлар өткізеді, оны “адамдардың бір-біріне қайырымды болу қажеттілігі” деп атап өтеді.   Жеке тұлғаның ортаға сіңісіп, өз орнын тауып, жеке тұлға ретінде қалыптасқаннан кейін деструктивті ағымдарға тән “топтың әрбір мүшесінде жеке мүлкі болмауы керек, оған топ ұйымдастырушылары көмектеседі” деген ойға сендіреді.

Ағымға ерген адамдардың барлық ресурстарын еркін пайдалану үшін деструктивті діни ағымдар сананы манипуляциялау және нейролингвистикалық бағдарламалау әдістерін белсенді қолданып отырады. Егер адам ұзақ уақыт бойы деструктивті ағымның өкілі болып «жасанды» шындығында болса, ол өзінің даралығын жоғалтады және өзі үшін жасаған жасанды әлемінде өмір сүреді. Әрбір тұлғаға белгілі бір сенім, мінез-құлық, ойлау стилі және эмоционалды реакциялар жиынтығы тән болып келеді.

Жастардың көпшілігі әлі де жеке басын қалыптастырушы болғандықтан, олар сұраққа өздерін сәйкестендіретін (идентификация)  топқа сілтеме жасау арқылы жауап беруге бейім болып келеді. Оқыту, тәрбиелеу, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері – бұл факторлардың барлығы «ағымға жаңа қосылған» тұлғаның мінез-құлқының қалыптасуы мен динамикасына тікелей байланысты.

Психологиялық қолдау мен күшті әлеуметтік ықпал ету жағдайында адамның ата-анасы, тәрбиесі, білімі, достары және оның таңдау еркіндігі қалыптастырған нақты тұлғасы психологиялық манипуляция жасау арқылы жаңа деструктивті діни ағым тұлғасына ауыстырылады. Деструктивті діни ағымдардың саны өте көп.

А.Котляровтың пікіріне сәйкес беймаза және күмәншіл адамдар, перфекционизмге бейім тұлғалар мен өзінің ішкі әлеміне терең қарайтындар,  инфантильді  адамдар (жасы егде тартқан кей адамдардың ой-өрісі мен іс-әрекеті балаға ұқсап, өздерін бала сияқты сезінетін жандар) олардың ықпалына тез түседі.

Осы орайда, деструктивті діни ағымдарға тойтарыс беру үшін   профилактикалық, яғни ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын  жүйелі ұйымдастыру тиімді  болып келеді. Қорытындылай келе, қоғам, отбасы болып бірлесіп,  өскелең жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен діни-рухани,  отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру маңызды болып табылады.

Қарлығаш Қойшыбаева,
Дін мәселелерін зерттеу орталығының психологы
Қызылорда облысы