«Пара алу да, беру де – күнә» уағызы айтылды

0
1251

ҚМДБ-ның мамыр айындағы жұма уағызының жоспарына сәйкес, Шымкент қаласы бойынша барлық мешіттерде «Пара алу да, беру де – күнә»  тақырыбы аясында жұма уағызы айтылды.

Оқырманға сол жұма уағызыннан үзінділер ұсынуды жөн санадым. Жемқорлық пен парақорлық қазіргі таңда күрделі мәселелер болып тұр.  Сондай-ақ, бұл үлкен күнәлардың бірі. Мұны мемлекетіміз дамуына кері әсерін тигізетін өте жағымсыз құбылыс  десекте болады.

Ислам шариғатында жемқорлықтың үкімі – харам. Яғни үзілді-кесілді тыйым салынған үлкен күнәлдар қатарына жатады.

Қисса: Омар Фаруқ бірде Шамға барып солтүстігіндегі Хумустан өзі тағайындаған сенімді әкімді көргісі келді. Мақсаты: әкімінің жағдайын әрі
халықтың ол жайлы ойын білу еді. Халифаның қалаға келгенін естіген халық түгел жиналды. Халифа олардан: «Уа, Хумус халқы! Әкімдеріңіз қалай? Көңілдеріңіз тола ма? Ол жайлы айтар қандай шағымдарыңыз бар?» – деп сұрайды. Халық жалпы разы екендігін, бірақ түсінбеген кейбір жағдайларға байланысты шағымдары барын білдіреді. Хазіреті Омар шағымдарын айтуын талап етеді. Олар: «Ол таңертең міндетіне ерте келмейді. Тіршілік
қызған кезде бірақ келеді», – дейді. Халифа Омар: «Бұдан басқа қандай үлкен кемшілігі бар? – деп сұрайды. Халық: «Кеш қарайғаннан кейін ешқайсымызды қабылдамайды. Әр айда бір күн тәулігінде біз оны көре алмаймыз. Кей кездері есінен танып, құлап қалады, – деп бүкіл шағымдарын тізбектейді. Бұқарамен жүздескеннен кейін халифа Омар Әмирді қасына шақыртып алып аталған шағымдардың себебін жеке-жеке сұрайды. Әрі ішінен «Уа, Алла! Саид ибн Әмир жайлы менің жақсы ойымды жалғанға шығара көрме», – деп дұға етіп отырады. Айтылған шағымдарды тыңдап болған соң Әмир байсалды қалпында: «Уа, мүминдердің әміршісі! Негізі бұларды айтуға зауқым жоқ. Алайда шағым болып түскендіктен мен де амалсыз айтамын. Міндетіме кешірек баруымның себебі, үйде қызметшім жоқ. Әйелім науқас, үй жұмыстарының көбін өзім істеймін. Таң атысымен ерте тұрып қамыр ашытып, нан пісіремін. Балаларымның таңғы асын ішкізіп болған соң, дәретімді алып, халықтың алдына шығамын. Түнде ешкімді қабылдамаймын. Өйткені, күндізімді халыққа, түндерімді құдіреті шексіз Алла Тағалаға арнаймын. Айда бір рет шықпауымның себебі: Қызметшім болмағандықтан киімдерімді өзім жуамын. Ауыстыратын басқа киімім жоқ. Киімдерім кепкенше, халықтың арасына шыға алмаймын. Кей кездерде ес-түссіз талып қалуымның себебіне келсек: Меккеліктер Хүбәйбті дарға асқан кезде, мен сол жерде едім. Мүшріктер оны дар ағашына байлап: Өзіңнің құтқарылып, орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің? – деп ұсыныс жасады.

Хүбәйб басына төнген қатерге қарамастан: «Алланың атымен ант
етейін, мен өз бала-шағамның қасында отырғаным былай тұрсын, Мұхаммедтің аяғына тікеннің қадалғанына да көнбеймін», – дегеннен кейін, «Уа, Мұхаммед!» деген даусымен аспанды жаңғыртты. Мүшріктер оны шейіт қылды. Мен мұны көріп тұрып қол ұшын бере алмадым. Өкінішке орай, ол кезде әлі мүшріктердің қатарында едім. Алла Тағала осы күнәм үшін мені ешқашан да кешірмес деп қатты қайғырғаным соншалық, сондай кезде ес-түсімді білмей талып қаламын», – деп шағымдардың бәріне жауап береді. Әкім де өзі, тақуа да өзі Саидтің жауабын естіген халифа Омар тұла бойы шымырлап: «Уа, Алла! Дұрыс пейілімде мені жаңылтпадың, мың да бір шүкір», – дейді. Жиналған жұрт та Саид ибн Әмирдің тақуалығы мен қарапайымдылығына таңқалып, көздеріне жас алады.

Қисса: Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әл-азд тайпасындағы бір адамға зекет жинауды тапсырады. Ол қайтып келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған сыйланды», – деп айтады. Мұны  естіген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Расында, сендердің біреулеріңді Алла маған тапсырған істі орындауға тағайындадым, ал ол болса маған келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған сыйланды!» – деп айтады. Егер ол шындықты айтып тұрған болса, неге осы сыйлықты күтіп әкесінің үйінде отырмады?» – деген екен.

Қадірменді жамағат! Жеке адамның ғана емес, бүтін бір мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болатын парақорлық, жемқорлық атаулыдан әрбір Алла Тағалаға иман келтірген адам аулақ болып, адал табыс табуға үлкен мән беруі қажет.

«Қиямет күні төрт нәрседен сұралмайынша, құлдың аяғы жылжымайды. (Олар): Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал-дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі?» – деген (имам Тирмизи).

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі