Саяси қуғын-сүргін құрбандарының нақты саны әлі белгісіз

0
1180

Көктемнің соңғы айы мамырдың 31-ші жұлдызы күллі қазақ елі аза тұтатын күн. Бұл күннің қазақ күнтізбесіне ресми енгеніне 25 жыл болды. Елбасы 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялаған болатын. 

Тәуелсіздік алған жылдардан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР арнайы Заңы қабылданған. Бұл қаралы күн елімізде жыл сайын аталып өтілуді. Жылда республика бойынша әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, ас беріледі. 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген.

Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшырады. Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған.

«Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі, профессор Нұрлан Орынбасарұлы осы тақырыпты жан-жақты зерттеген. Ғалымның айтуы бойынша, лагердегі тұтқындар өздерінің қатал кезеңді бастан өткізгендеріне қарамастан, өмір сүруді әрі сүюді және өз қайраткерлігін тоқтатпау миссиясын ұстанған. Олар ертеңгі күнге сенімдерін жоғалтпады және елі үшін атқарған игі істері арқылы келешек ұрпақтың есіңде мәңгі қалды.

– Жалпы бұл бір күнмен ғана шектелетін іс-шаралар емес. Яғни тек қана 31 мамыр күні емес, біз жыл бойы бұл тақырыпты көтеріп, оны жан-жақты зерделей түсуге міндеттіміз деп есептеймін. Жаңа ұрпақтар аталары мен әкелерінің Отаны үшін тәу етер тәуелсіздікке жету үшін бастан кешкен зұлматты жылдарды біліп жүруі қажет. Оған қоса көптеген қиыншылықты көре отырып мақсатқа жеткенін есте ұстағандары абзал. Бұдан былай тарих беттерінде мұндай қиын жылдардың болмауы үшін әрекет еткені жөн. Осы зерттеу шараларын жүргізу барысында біздің жұмыс формаларымыздың аумағы кеңейе түсті. Біз осы тақырыптың төңірегінде көптеген конференциялар өткізіп тұрамыз. Оған қазақстандық және шетелдік зерттеуші-ғалымдарды шақырамыз. Жалпы, мұндай конференциялар тек біздің елде ғана емес, әлемнің басқа мемлекеттерінде де ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қоса, барша жұрт хабардар болуы үшін түсірілетін деректі фильмдер мен театр сахналарында қойылатын спектакльдерге де өз тарапымыздан барлық көмектерді ұсынып тұрамыз, – дейді Нұрлан Орынбасарұлы.

Ал тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлының айтуынша, 50-жылдардың ортасында лагерьлерде қамалған жазықсыз адамдарға қатысты үкімдерді қайта қарау мен оларды жою жөніндегі процесс басталған. Қаза тапқандар мен атылғандар ақталып, түрмедегі еріксіздер бостандыққа шығарылды.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау –  1920-1950 жылдар аралығында кеңес мемлекеті жүргізген қуғындау, жазалау саясаты асқан қаталдық, шектен шыққан зұлымдық тәсілмен жүргізілгендігінің дәлелі. Кеңес үкіметінің Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының көрсеткен саны нақты емес, өйткені 20-40-жылдары тұтқындалған мыңдаған адамдың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз болып отыр, -деді тарихшы.

Еске салсақ, репрессия жылдары Алаш зиялылары бас қосып, империяға қарсы шықты. Олардың барлығы дерлік қудалауға ұшырап, атылды, айдалды. «Халық жаулары» деп жала жабылған арыстардың есімі халық жадында мәңгі сақталып қалмақ.

Балжан ӘБДІРАШ