Жастардың домбыраға деген қызығушылығы артып келеді

0
682

2018 жылдан бері шілденің бірінші жексенбісінде еліміз Ұлттық домбыра күнін атап өтеді.

Бұл айтулы дата дәстүрлі қазақ халық аспабына деген қызығушылықты арттырып, оның төл өнерімізде алатын биік орнын айшықтай түсті. Мереке қарсаңында «Астана Опера» дирижері, дарынды домбырашы Руслан Баймурзин осынау аспаптың құндылығы және қазіргі кезде домбырашылық өнердің насихатталуы жайлы өз ойымен бөлісті.

Менің ойымша, домбыра – бұл қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, домбыра – ол біздің тарихымыз, рухани байлығымыз, ұлтымыздың жаны. Домбыраның құндылығы ежелден зор, оның қоңыр үні халқымыздың өмірінің көп қырлылығын бүкпесіз жеткізе біледі, сондықтан домбыра біздің мақтанышымыз деп білемін, – деді «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин.

Руслан Баймурзин «Астана Опера» Симфониялық оркестріне дирижерлік етіп қана қоймай, сонымен қатар Үлкен залда және Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда өтетін концерттерде домбырада жеке нөмірлермен және симфониялық оркестрмен қосылып өнер көрсетеді. Әңгіме барысында музыкант 6 жасында домбыраға қызығушылығы оянып, осы аспапта ойнай бастағанын айтты. Руслан Баймурзиннің ұстазы Айтжан Тоқтағанов болғанын айта кетуіміз керек. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор, күйші-домбырашы Айтжан Тоқтағановтың жетекшілігімен өткен ең ауқымды домбыра сабағы барша әлемді тамсандырғаны белгілі. Оны «Ең ауқымды домбыра сабағы» онлайн-рекорды ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізу жоспарлануда.