Саналы ұрпақ – ұлт болашағы

0
1387

Ұлт — белгілі бір аумақта тарихи қалыптасқан, оның өмір сүруін қамтамасыз етіп, оған өзіндік түр беретін субстанционалды-рухани негізі бар, бірыңғай тіл, мәдени, психологиялық, ділдік (менталитет), өмір салты сияқты ерекшеліктер тән әлеуметтік қауым. Ұлт дегеніміз — рухани, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси байланыстармен біріктірілген адамдар қауымдастығы. Халықаралық құқық жүйесінде «ұлт» термині мемлекет ұғымымен синонимдес. Саясат тұрғысынан ұлт өзін кеңістік пен уақыт бойынша біркелкі орналастыратын, өзінің тіршілік етуін белгілі бір территориямен және даму тарихымен байланыстыратын адамдар деп аталады.

Ұлттың қорғаны – тіліміз, салт-дәстүріміз, ұлттық бірегейлігімізді көрсететін рухани жан-дүниеміз. Кезінде қазақ халқын сыртқы жаулардан аянбастан «ақ найзаның ұшымен, ақ семсердің жүзімен» ерекше жанкештілікпен қалай қорғаса, тілімізді, салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымызды, осынау баға жетпес байлығымыз – ұлттық құндылықтарымызды өміріміздің маңызды бөлшегіне айналдырып, қадірлеуіміз қажет.

Кез келген әке-шеше баласын жамандыққа қимайды, жаман істің иесі болғанын да қаламайды. Бүгінде қоғамымызда балалардың материалдық жағдайына көңіл бөліне отырып рухани тәрбиесіне мән беріле алмай қалатын жайттар кездеседі. Әйтпесе «мінезі қиын» жастар бізге басқа жақтан келмейді. Бүкіл жамандықтың басы – балаға әсер етуші орта. Осы тұста бала тәрбиесі жөнінде Абай атамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», — деп айтып кеткен. Халқымыз қай кезде де өзінің болашағы деп жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отырған. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың», – деген халқымыздың аталы сөзі бекер айтылмаған. Сондықтан да балалардың бойына жастайынан ізгілік, адамгершілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде ата-ана маңызды рөл атқарады.

Әлемді тілінің тазалығымен, салтының байлығымен, ұлттық бірегейлігімен тамсандырған қазақтай дара туған халық кемде-кем. Қанша формациялық мың құбылған заманды өткерсе де, ұлттық келбеті мен ұлттық жан дүниесінің тазалығы өшпестей сақталып қалған дәстүр сабақтастығын көздің қарашығындай қорғап жалғастыру біздің міндетіміз. 

XXI ғасырда елде болып жатқан түрлі адами құбылыстар мәдениеттің төмендеуі, еліктеушілік, салт — дәстүрді ұстанбау, түрлі кереғар діни ағымдарға кіру, аманатқа қиянат, азғындық істер т.б. осы сынды өзекті мәселелер қазақ ұлтының бірлігіне сына қақпайды ма деген қауіп алаңдатуда.

 Қазіргі таңда қазақ ұлтының құндылықтарын әрбір отбасы өз болашағы, ұрпағы үшін ойлануы керек. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет-өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін іс. Халық даналығында: «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар апат болады» деген сөз бар. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі Адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін еңбекті қажет ететін аумағы кең, жауапкершілігі мол күрделі іс екенін ұқтырса керек. Жас ұрпақты ұлттық мақтаныш пен ұлттық патриотизм рухына қалай тәрбиелесек, еліміздің халқымыздың болашағы, даналығы да солай айқын көрінеді.

«Иманды ұрпақ көбейсе елдің болар тірегі» демекші жастарды иманды, әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дәстүрлі дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларды олардың санасына сіңіре білуіміз қажет.

Г.Қуандық,
ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы