Н. Ноғаев: «Жат ағыммен күресу мемлекеттің ғана жұмысы деу қате»

0
400

Ақтау қаласында өтіп жатқан «Орталық Азиядағы мемлекет және дін қатынастары: бүгінгі жай-күйі мен перспективалары» атты халықаралық форумның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев еліміздегі діни ахуалға тоқталды.

– Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризм бүкіл әлемге қауіп төндіріп, адамзаттың, қоғамның үрейін ұшыруда.

Алғашқы кезде жастарымыздың дінге бет бұрғанына қуанып, шүкіршілік еттік. Алайда, теріс пиғылдағы діни ағымдар жастардың ниетін өз мақсаттарына пайдаланып, адастырып, өзін-өзі өлімге қиюға дейін жеткізуде. Жастар ғаламтор арқылы түрлі діни сайттарға кіріп сол арқылы дін үйренуде. Ғаламтордағы мәліметтердің шамадан тыс көп әрі қолжетімді болуы діни экстремистік идеялардың кеңінен таралуына да жағдай туғызуда.

Сонымен қатар, шет мемлекеттерге діни білім алуға кеткен жастарымыздың арасында да дәстүрімізге сай келмейтін, сол ілім алған мемлекеттердің ғұрпы мен дәстүріне негізделген діндерді үйреніп келіп, елімізге насихаттауда. Экстремистік ұйымдар жақтастарын көбейту үшін идеяларын кеңінен насихаттап, ұстанымдарының дұрыстығын діни тұрғыдан дәлелдеуге тырысады. Осы тұрғыда олар мақсаттарына жету құралы ретінде діни қағидаларды, қасиетті мәтіндерді пайдаланып дін жолын ұстануға ниеттенген жастарды адастыруда, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Сонымен қатар, өңір басшысы бүгінгі жастардың теріс ағымға еріп кетуінің екі себебін атап көрсетті.

– Теолог – ғалымдар діни экстремистік ағымдарға ерудің негізгі екі себебін көрсетеді: бірі – діни сауатсыздық болса, екіншісі материалдық қажеттілік. Қазіргі таңда діни сауаттылықты арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде, мемлекет тарапынан арнайы комиссиялар құрылып, халық арасында ақпараттық-насихаттық топтар түсіндіру жұмыстарды жүргізуде.

Дегенмен, ақпараттық соғыс заманында күнделікті жаңа қауіп пайда болуда. Сондықтан, өмір ағымынан қалмай үнемі ақпараттанып, бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті жаңалықтарды қарап, құлағдар болудың да мәні зор.

Екінші себебіне келер болсақ, жалған ақпарат таратып, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды жоғары жалақымен, баспанамен қызықтырып, өз қатарларын толтыру мақсатында түрлі

«жарнамалармен» алдап, соңында сан соқтырып жатқан жағдайлар жиі көрініс тауып жатыр. Сондықтан, бұл қауіпті құбылыспен күресу үшін дін ұстануға ниеттеніп жүрген жастарды жете бақылап, дұрыс ақпарат алуға жағдай жасау қажет. Егер таңдаған жолы бұрыс болса, түсіндіру арқылы көзін жеткізіп, дәстүрлі дінге бейімдеу қажет. Бұл жерде имамдардың рөлі ерекше, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Ақтауда өтіп жатқан халықаралық форумға отандық және Түркия мен Қырғызстаннан келген мамандар қатысуда.