«Халифа Алтай» мешітінде қажыларға арнайы құрмет көрсетілді

0
536

ҚМДБ «Уақып» қоры ШҚО өкілдігінің ұйтқы болуымен облыстық «Халифа Алтай» мешітінде ұлы сапардан оралған қажыларға құрмет көрсетіліп, дастарқан жайылды.

Басқосуға имамдармен қатар қажылық парыздарын өтеп келген қажылар, жастар, шәкірттер және жамағат қатысты.

«Асыл дініміздегі бір парыз қажылықты өтеп келіп, қажы деген мәртебелі атты иелендіңіздер. Бұл – Алланың шексіз нығметінің бірі. Сіздер әркез қажы деген құрметті атқа сай болып, жалпы көпшілікке үлгі болады деп сенеміз. Мешітте өткізетін әрбір шараның басы-қасында боласыздар. Сіздерден халық үлгі алады. Бүгінгі шара арқылы сіздерге құрмет көрсетіп отырмыз» деді «Уақып» қорының өңірдегі өкілі Берік Кәдірұлы.

Сонымен қатар «Дархан дала» жобасы және «Тауаф Тревел» қажылық фирмасының жауапты өкілі, Өскемен орталық мешітінің наиб имамы Ербол Құдабаев сөз алып, осы сапарда қажыларға жектекші ретінде қасиетті сапарға барып келгендігін айтып, қажылық жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылғандығын жеткізді әрі қажылыққа баруға ынталы жамағаттың көп екендігін айтып өтті.

Дастарқаннан дәм татқан қажыларға ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлының бастамасымен басылып шыққан «Құран Кәрім» және исламтанушы-ғалым Смайыл Сейітбековтің «Әмәуи халифаты» атты еңбегі тарту етілді.

Басқосуда сөз алған қажылар өкілдіктің жүйелі түрдегі жұмыстарына көңілдері толатындығын жеткізіп, мүмкіндігінше қолдау көрсететіндіктерін білдірді.

Сонымен қатар осындай бастама үшін өкілдікке алғыстарын жеткізді. Дастархан үстінде құнды бастамалар мен пікір-ұсыныстар айтылды.