ЖАЛҒАН СӘЛАФИЛІК ТУРАЛЫ

0
257

Қазіргі таңда қазақстандық қоғамды алаңдатып отырған негізгі діни мәселелердің бірі — сәлафизм идеологиясының халық ішінде, атап айтқанда жастардың арасында белең алуы.  Бұл ілім Х‑ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде басталып, ары қарай ХVIII ғасырда Нәжд өлкесі қазіргі Сауд Арабияның солтүстігінде жалғасын тапты. Бастапқы кезден бұл идеологияның өкілдері өзге пікірге төзбеу, өзгелерге агрессиялық көзқараспен қарау, алдына қойған мақсаттарына қарумен болса қол жеткізу секілді сипаттармен танылды.

      Уахабилік, яғни сәләфилік деген – бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатқан құбылыс. Бұл діни ағымның артында үлкен институттар жұмыс істеп, оған үлкен қаржы құйылып жатыр. Мұның артында сыртқы күштердің де ықпалы болуы мүмкін. Жалпы, сәлафилік немен ерекшеленеді дегенге келетін болсақ, бұл діни ағым радикалистік, фундаменталистік көзқарастрамен ерекшеленеді. Яғни аят-хадистердің кең түсініп астарына, мақсатына үңілмей, бетін қалқып қана алып, үстінен желіп өтіп кететін түсініктен барып осындай діни ағым пайда болады. Пайғамбарымыздың 23 жылда әртүрлі жағдайда, әртүрлі адамға айтылған хадистерін жалпы ұстаным ретінде қабылдап, соны берік ұстанып қалу 14 ғасыр бойы жасап келе жатқан дәстүрлі исламға кереғар түсініктер туындатады. Дін деген кең нәрсе. «Менікі ғана дұрыс», «Алла үшін жақсы көремін, Алла үшін жек көремін» деп өзімшілдік таныту – ақиқаттан монополия жасаудың бір түрі. Сәлафилік те «біздікі ғана дұрыс, қалғандардың барлығы адасып жүр» деген сенімге байланған. Бұдан қоғамда дінараздық шиеленіс туады. Сондықтан да бұл дәстүрлі исламға қайшы діни ағым. «Сәлаф» сөзі «бұрынғылар» дегенді білдіреді. Яғни діни терминологияда «салихалы –таза сәлафтар» делінген кезде сахабалар, оларды көзі көрген табиғиндердің және оларды көзі көрген табаға табиғиндер меңзеледі. Бірақ діни терминологияда белгілі бір діни ағымға «сәлафтар» делінбейді. Айтып отырған ағым өкілдері осыны бетперде етіп, яғни «бұрынғы Пайғамбар заманындағы мұсылмандардың жолын ұстанамыз» деп, жекелеген адамдардың идеясын насихаттап жүргендер. Олар өздерін «мәзһаб ұстанбаймыз» деп айтады. Бірақ шын мәнінде олар мәзһаб ұстайды. Өз көсемдерінің пікірінен шыға алмаған соң, ол соның мәзһабында деген сөз. Бірақ ол – жалған мәзһаб. Басқа мәзһабтарды танымайтын, қоғамда ши шығаратын, бүлік жасайтын, анархия туғызатын мәзһаб. Төрт мәзхабты мойындамаған соң әркім Құранды өз нәпсісіне, түсіну деңгейіне қарай тәпсірлеп, талқылайды. Бұдан қоғамда анархия-бейберектісіздік, хаос-соңғы шарасыздық пайда болады. Ал төрт мәзһаб – осындай жағдайға жібермей отырған үлкен күш, дінді реттеудің тетігі.        Әркім өзінің білім деңгейіне қарай пәтуа беретін болса, онда бір-біріне кереғар, қайшы, бір-бірін мойындамайтын діни ағымдар пайда болады. Сондықтан кез келген мемлекетте белгілі бір мәзһабқа басымдық беріліп, қолдау көрсетіледі. Қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналады. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз.