Тақуалықтың түп мәні – адамгершілік

0
263

Мұсылманның асыл сипаты тақуалық жайлы аят-хадистер жетерлік. Мысалы, қасиетті Құран Кәрімде: «Ақиқатында, Алланың құзырындағы ең ардақтыларың – ең  тақуаларың» (Хужурат, 13-аят), «Ақиқатында, Алла тақуаларды жақсы көреді» («Тәубә» сүресі, 7 –аят), «Ал (қисапсыз нығметке толы мәңгілік бақыт мекені) Ақырет болса – Раббыңның құзырында тақуалардың еншісінде» («Зухруф» сүресі, 35-аят) деген ғажап аяттар бар. Ал хадистерде былай делінеді: «Алла елшісінен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) адамдардың Жәннатқа кіруіне ең көп септігін тигізетін амалдар сұралғанда, Ол: «Тақуалық пен көркем мінез-құлық», – деп жауап берді. Ал адамдардың тозаққа кіруіне ең көп септігін тигізетін амал жайында сұралғанда: «Тілі мен жыныс мүшесі», – деді» (Тирмизи жеткізген); «Уа, адамдар! Сендердің Раббыларың бір емес пе? Әкелерің де ортақ емес пе? Арабтың араб еместен және араб болмағанның да арабтан артықшылығы жоқ емес пе? Жүзі қызылдың жүзі қарадан, жүзі қараның жүзі қызылдан артықшылғы жоқ. Олардың артықшылығы – тақуалықта» (Ахмад жеткізген). Осы ғажап аяттар мен хадистерге сүйене отырып, ғалымдарымыз: «Тақуалыққа жету – мүміннің мақсаты», – деп тұжырады. Ендеше «тақуалық» деген ұғымды ұғып алу – мақсатына берік жанның бірінші ісі болса керек. «Тақуалық» сөзі араб тілінде «аса сақ болу, қорғану; әдепсіз әдеттерден, зиянды дүниелерден аулақ болу» деген мағыналарды білдіреді, ал шариғи мағынасы: «күнәлі істерден сақтану, ұятты амалдардан алыс болу, Ақыретте абыройсыз ететін барлық нәрседен алыс жүру».  «Уа, иман келтіргендер, Алладан лайықты түрде қорқыңдар (тақуалық қылыңдар) әрі тек мұсылман күйлеріңде ғана жантәсілім етіңдер»  («Әли-Имран» сүресі, 102-аят). Осы аяттың аудармасында қолданылғанындай, біз әдетте тақуалықты – «Алладан қорқу» деген мағынада түсінеміз. Бұл түсінігімізді ата-бабаларымыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген өсиеті бекіте түседі. Әрине, Жаратушысын таныған адам Одан қорқатындығы, жаман істерден тыйылатындығы; мұсылман адам үміт пен қауіптің ортасында жүруі керектігі – даусыз дүние. Алайда бұл аяттағы «қорқу» сөзі – әлсіздің күштіден, адамның жыртқыш жануардан қорқуы, нәпсілік үрей ғана емес. Алладан қорқу – адамның жүрегіндегі «Раббым көріп, естіп, біліп тұр» деген сенімі; Жаратқан Иесінен ұялу, Оны қастерлеу, құрметтеу, ұлықтау сияқты рухани сезімі. Яғни, тақуалық дегеніміз – Алла Тағаланың қаһарына душар ететін істерден, қателік-күнәлардан барынша сақтану, сол арқылы Хақ дидарына бар күш-жігерімен ұмтылу, Жаратқан Иемізді барынша қадірлеу, бүкіл дүниеден артық көру, барлық нығметтен артық сүю! Ал оның нақты көрінісі: Ұлы Жаратушының әмірлерін орындау, шариғат талаптарына сай дұрыс өмір сүру, адамды ізгілікке бастайтын амалдарды молынан және ықыласпен жасау.

Заһири (сыртқы) құлшылықтардың көздеген межесі – иман қуатын арттыру, адамгершілік қасиеттерді жетілдіру екенін ескерсек, тақуалық дегеніміз де – жүрек сипаты, адамгершілік көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Тақуалық мына жерде», – деп, қолымен жүрек тұсын үш мәрте нұсқағанын білеміз (Муслим жеткізген). Ал (рухани) Жүрек – адам ағзасының патшасы болғандықтан, жүрекке тақуалық орнайтын болса, ол адамның бүкіл ісінен, мінезі мен тұлғасынан көрініс табады. Бұл пікіріміздің тағы бір тамаша дәлелі мына хадис: «Адамгершілік – тақуалық, құрмет – кішіпейілділік, ақиқат сенім – байлық» (Ибн Әбу Әд-Дунья жеткізген). Расында да, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) асқан тақуа адам бар ма?! Әрі Ол кісіден асқан көркем мінез иесі, адамгершілік қасиеттері кемеліне келген адам бар ма?! Мына бір хадис те «тақуалық» ұғымының аясының кең екенін, оның басқа адамшылық сипаттарды қамтитынын тағы бір дәлелдей түседі: «Шыншыл болыңдар! Өйткені, шыншылдық болған жерде тақуалық болады. Ал шыншылдық пен тақуалықтың орны – Жәннат. Жалғандықтан сақтаныңдар! Өйткені, жалғандық болған жерде азғындық болады. Ал жалғандық пен азғындықтың орны – тозақ. Алла Тағаладан денсаулық тілеңдер. Себебі, пенде үшін ақиқат иманнан кейін денсаулықтан артық нәрсе жоқ. Бір-біріңді күндемеңдер, жеккөрмеңдер, қарым-қатынастарыңды үзбеңдер және өзара жауласпаңдар. Ей, Алланың құлдары, бір-біріңе бауыр болыңдар!» (Әбу Бәкірден Ибн Мәжәһ жеткізген) Тақуалықтың түп мәні, терең мағынасы – адамгершілік болса, ал адамшылықққа жету – нәпсі шырмауынан құтылу арқылы ғана жүзеге асады. Өз пенделігін, қу нәпсісін тежеген, тізгіндеген адам ғана ғұмырына жүрегін, ар-иманын басшы етіп өмір сүре алады. Мына хадис осы ойымызды қуаттайды: «Ей, Әбу Зарр, ой жүгіртуден артық ақыл, өзін ұстаудан артық тақуалық, жақсы мінезден артық абырой жоқ!»  (Хиббан жеткізген) Иә, тақуалық – тек қорқу емес, сүйіспеншілік; сол сүйіспеншіліктен туындаған, аса қадірлеуден туындаған қастерлі қорқыныш; жүрек махаббаты, көңіл уайымы. Ғашық жанның алдындағы дәрменсіздік, оның көңілін қалдырып алудан қорқу, сақтану секілді адамшылықтың асыл күйі! Сол себепті тақуалыққа ұмтылу – адамшылық сипаттарды, имани қасиеттерді дамыту арқылы жүзеге асады, кемеліне келеді. Ал тақуалықты – адамгершілік шыңы ретінде насихаттау, сыртқы формаға алданудан сақтайды; ішке-жүрекке үңілуге, сөйтіп назарды нағыз қажет бағытқа бұруға жәрдем бермек… Баршамызға шынайы тақуалық нәсіп болғай! Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Тақуалықтың түп мәні – адамгершілік | Қазақстандағы Ислам