Аз сөйлеудің пайдасы

0
957

Араб халқында бір сөз бар: «сөйлеу күміс болса, үндемеу алтын» деген. Сондықтан да, мұсылман адам орнымен сөйлеп, ал үндемеу керек жерде үндемеуді де білгені жөн. Өйткені «үндемегеніңе өкінсең бір рет өкінесің, ал сөйлегеніңе мың рет өкінуің мүмкін» дейді даналар. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) бір сөзінде:

«Тіліне ие болғанға қуаныш болсын! Үйін кеңейткенге және күнәларына жас төккенге қуаныш болсын!» (Табарани: «әл-Әусәт», «әл-Сағир»).

Тағы бір риуаятта Алла елшісінің былай дегендігі келтіріледі:

«Мына бес нәрсе екіжүзді мұнафиқ адамда болмайды: Дінді терең түсіну, тілінде тақуалық, жүзінде күлімсіреу, жүрегінде нұр, мұсылмандарға деген сүйіспеншілік».

Кейбір дана кісілер айтқан екен:

«Үндемеуде жеті мың қайыр бар. Соның бәрі жеті сөзде топтасқан:

1) Үндемеу — еш тер төкпестен орындалған ғибадат.

2) Үндемеу – әшекейсіз зейнет.

3) Үндемеу – күш иесі болмай құрметке лайық болу.  

4) Үндемеу – қоршаусыз қорған.

5) Үндемеу – әлдекімнен кешірім сұраудан аман болу.

6) Үндемеу – Кирамин-Кәтибин періштелеріне демалыс.

7) Үндемеу – айыбының жасырын қалуы».

Хасан әл-Басридің айтысына қарағанда, Әзіреті Омар (р.а.) бір жас жігітке қарап былай ақылын айтыпты:

«Ей, жігіт! Егер үш нәрсенің жамандығынан сақтанған болсаң, жастық шақтың жамандығынан сақтанған боласың: тіліңнің жамандығынан сақтану, әурет жеріңнің жамандығынан сақтану (зина жасамау) және асқазаныңның жамандығынан сақтану» (арам жемеу, дүниеқоңыз болмау).

Хасан әл-Басри бір сөзінде былай деген:

«Кімнің сөзі көбейсе, сүрінуі де көбейеді. Кімнің мал-дүниесі көбейсе, күнәсі де көбейеді. Кімнің әдебі бұзылса, өзін азаптаған болады».

«Сөз сүйектен өтеді» демекші Суфянус Сәури тілдің зиянын былай деп түсіндірген: 

«Әлдекімге тіл тигізгеннен гөрі садақпен атқаным артық. Өйткені тіл тура тиеді. Ал садақтың оғы тимей қалуы мүмкін». 

Сахаба Әбу Саъид әл-Худри де осы тілге абай болу жайында былай деген екен:

«Адам баласы таң атырған кезде денесінің барлық ағзасы тілге айтады екен: Ей, тіл! Сенің тура жолда болғаныңды құдайдан сұраймыз. Сен түзу болсаң, бәріміз түзу боламыз. Сен қисық кетсең, бәріміз қисық кетеміз» дейді екен».

Кейбір сахабалар былай дейтін:

«Егер, жүрегің қатайып, денең әлсіресе және несібең тарала бастаса, біліп қойғын, сен өзіңе қатысы жоқ нәрсені сөз еткенсің»[1].

Алла баршамызға тәуфиқ бергей!


[1] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль ғофилин». Абдусамат Қасым

2022, Islam.kz ұлттық, рухани-ағарту порталы