Құран деп ойлап жүрген көне жәдігер “Маса” кітабы болып шықты

0
463

Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде Ахмет Байтұрсынұлының жақында табылған араб әрпімен басылған «Маса» кітабының таныстырылымы өтті. Төте жазумен жазылған кітаптың 93 беті сақталған. Кітапқа енген шығармалар тізімі де бар. Кітап әбден ескірген, беттері сарғайған. Құнды жәдігер Аққулы ауданы Шақа ауылының тұрғыны Нұрлан Қасымовтың үйінде сақталған. Музейге оның бауыры Талғат Қасымов тапсырды. Бұл кітап 90-шы жылдары осы үйге келген екен. Араб жазуымен болғаннан кейін оны Құран кітабы деп ойлап жүрген. Кейін мешітке апарып тапсырмақ болған екен. Мешітте бұл Құран емес деп қайтарып берген. Одан кейін “Маса” кітабы екені анықталып, музей қорына тапсырылды, – деді музей директоры Ербол Қайыров. Әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, аудармашы, қоғам қайраткері, ақын Ахмет Байтұрсынұлының бұл жинағына “Ғылым”, “Бақ”, “Ат”, “Данышпан Аликтің ажалы”, “Балықшы мен балық”, “Жазушының қанағаты”, “Жадовскиден” сынды көптеген шығармалары енген. Кітаптың мұқабасы сақталмаған, сондықтан қай жылы шыққаны белгісіз. Жалпы, төте жазумен “Маса” жинағы 1911 және 1914 жылы Орынбор қаласында жарыққа шыққан. Музей басшысының айтуынша, биыл жазда арнайы акция жариялап, облыс тұрғындарынан 40-қа жуық жәдігер жиналған. Оның жартысы – ескі қолжазбалар, алтауы – көне кітаптар. Соның ішінде “Маса” кітабы алғашқы болып оқылып, жұртқа жарияланды. Алдағы уақытта басқа да құнды кітаптар оқылып, құпиясы ашылмақ.