Шетелде білім алу тәуекелді қажет ете ме?

0
7004

Шетелде білім алу кез келген тұлғаның таным көкжиегін кеңейтері сөзсіз. Жастар білім алумен бірге сол елдің мәдинетімен, ішкі күйімен танысып, өз туған жерімен салыстыра қарайды. Өзге мемлекеттің даму деңгейін байқап, тәжірибе жинақтайды. Алайда шетелде білім алудың пайдалы тұстарымен бірге қатерлі тұстары да бар. Ол – деструктивті діни ағымдардың ықпалында кету қаупі.

Бүгінгі заманауи жастардың шетелде білім алып, болашағын ойлап, өз еліме керекті маман боламын деген оймен алға ұмтылуы әрине құптарлық іс. Білім алуға ұмтылысы бар жастарға «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және әртүрлі гранттар мен жеке қаражат есебінен шетелде білім алуына жағдай жасалған. Алайда, соңғы жылдары Таяу Шығыс елдерінде әртүрлі діни ағымдар белсенділігінің артуы мен дінаралық қақтығыстардың қанат жаюы, террористік ұйымдардың ашық әрекет етуі салдарынан қоғамдық-саяси және діни ахуал күрделеніп кетті.

Сонымен қатар, бүгінде әртүрлі жалған және деструктивті ағымдардың қызметі ашықтан ашық жүргізіліп, басқа елден білім алуға  келген азаматтарды өз қатарына қосу үшін түрлі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Сол себепті, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы біліп, тарихы мен мәдениетін, діні мен ділін зерттеп білгені абзалырақ.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз етеді.

Сол себепті, елдің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-ана мен әрбір тұлға өзі жауапты деп есептеймін. 

Діни білім алуды жоспарлаған жас мүмкіндігінше оны отандық діни оқу орындарында алғаны жөн. Білім алушылар діни білім алуда Қазақстанның да мүмкіндігі жоғары екенін білгені жөн.

Қазіргі таңда, елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 1 ислам университеті мен 9 медресе жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті діни сауатын ашуға ұмтылысы бар азаматтарды білім нәрімен сусындатуда. Мұнда, білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары тиімді жолға қойылған. Діни және зайырлы мазмұндағы әдебиет, оқулықтар мен ғылыми еңбектерге бай кітап қоры бар. Жоғары оқу орнының мақсаты-Ислам діні саласында сапалы білім алу қажеттілігін қанағаттандыру. Міндеттері — мамандарды даярлау сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту.

Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде еліміздің 4 жоғары оқу орнында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттерінде дінтану, теология, исламтану мамандықтары бойынша  білім алады.

Қорыта айтқанда, шетелдердің діни оқу орындарында ҚМДБ және мемлекетаралық келісім негізінде ғана магистратура және доктарантура оқуға болады. Ал бакалаврлық базалық білімді өз еліміздегі оқу орындарынан алу міндетті. Сол себепті болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнағысы келетін жастар өз  Отанында да кәсіби білім алудың барлық мүмкіндігі жасалғанын ескергені жөн.

Жұмаділлә Бексұлтан, 
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы”
КММ-нің теологы.