«Мұсылман әйелдің шариғи киім үлгісі» тақырыбында рухани кеш өтті

0
570

ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Қарағанды облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Мұсылман әйелдің шариғи киім үлгісі» тақырыбында рухани кеш өтті. Берекелі шара барысында әйелдер жамағатына уағыз-насихат айтылып, сән көрсетілімі назарға ұсынылды. Айтулы шара барысында әйел жамағаты дастарханнан дәм татса, сектордың жауапты өкілі, Қарағанды қалалық «Әл-Машани» және «Бала қажы» мешіттерінің ұстазы Бақытгүл Айтқалиқызы ашып, берекелі шараға қатысушы ханымдарға сәттілік тіледі. Ортаға тігіншілер мен дизайнерлер шақырылып, арнайы дайындалған бейнероликтері экранға ұсынылды. Өз кезегінде ортада киім дизайнерлерінің топтамалары көрсетілді. Атап айтқанда, спорттық киімдер, шариғи мектеп формасы, этно стиль үлгісі, кешкі көйлектер, күнделікті киім үлгілері ортаға ұсынылды. Аталмыш көрсетілім киім үлгісінің шариғат талаптарына сай болуы,  әйел киімдерінің салт-дәстүрімізбен сабақтасуы, заманға сай, ыңғайлы және қазақи нақышта болуы сынды талаптар негізінде жүзеге асты. Жүз жетпіске жуық қыз-келіншек жиналған рухани шарада Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің ұстазы Гүлжазира Ақназарова, «Әнет баба» мешітінің ұстазы Арай Серғалиқызы,  «Қазыбек би» мешітінің ұстазы Карина Қайратқызы және Теміртау қалалық «Жақып Ақбай» мешітінің ұстазы Ақниет Дәуірғалиқызы  жиналған қыз-келіншектерге әсерлі уағыз-насихат айтты. Қазылар алқасы киім үлгілеріне өзіндік бағасын беріп, туынды авторларына ризашылықтарын білдірді. Шара соңында қатысушыларға облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының арнайы алғыс хаты беріліп, қатысушылар естелікке фотоға түсті.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: «Мұсылман әйелдің шариғи киім үлгісі» тақырыбында рухани кеш өтті | Қазақстандағы Ислам