ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ СТУДЕНТТЕРГЕ АДАМДЫҚ БЕС ҚАСИЕТТІ АТАП ӨТТІ

0
147

Бүгін Павлодар облысына жұмыс сарарымен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Торайғыров университетінің студенттерімен кездесті. Жиынды жүргізген университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Еркін Садықов бұл басқосудың жастардың рухани өмірінде алар орны ерекше екенін тілге тиек етті.

Басқосуда Бас мүфти адамдық бес қасиетті айрықша атап өтті. «Біріншіден, әр істі ихсан дәрежесінде орындау қажет. Сөздікте «жақсылық», «игілік» деп келетін «ихсан» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы бір нәрсені қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Екіншіден, уәдеге берік болу керек. Уәдеде тұру – мұсылман бойында болуы тиіс асыл мінездердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уәдесі жоқтың діні жоқ» деген хадисі көп нәрсені меңзеп тұр. Үшіншіден, сөз жауапкершілігін түсінуге тиіспіз. Шын мәнінде, адам баласы үшін тілден асқан дос, тілден асқан дұшпан жоқ. Адамды абыройға бөлейтін де, ұятқа қалдыратын да – тіл. Сондықтан тілге ие болу өте маңызды мәселе. Төртіншіден, Ислам діні мұсылманды игі істе белсенді болуға шақырады. Ғалымдарымыз: «Иман – белсенді болудан тұрады. Ал имансыздық жалқаулыққа итермелейді» деген. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Аллам! Расында, мен Өзіңе әлсіздіктен және жалқаулықтан (сақта деп) сыйынамын» деп дұға ететін. Бесінші, құмар ойыннан алыс болыңыздар. Асыл дініміз Исламда тыйым етілген істердің бірі – құмар ойын ойнау. Құмар ойын адамды бақытсыздыққа бастайды. Сондықтан одан барынша алыс болуымыз керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Еркін форматта өткен кездесуде Бас мүфти студенттер сұрағына жауап берді.