Қазақ халқы тәуелсіздік алған соң ғана мұсылман болды ма?

0
1041

Қазіргі Қазақстан аумағында Исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылған процесс болды. VIII ғасырдың басында Орта Азияны өзіне қаратқан арабтар қазақ даласына қарай жылжи бастады. 751 жылғы Талас өзені бойындағы арабтар мен Қытай əскері арасында болған Талас шайқасы түркі тілдес тайпалардан құралған түргештердің араб əскері жағына шығуы қытайлықтардың жеңіліске ұшырауына себеп болды.

Көшпелі тұрмыстағы түркі тайпаларының Исламды қабылдауы мұсылмандық түркі мəдениетінің қалыптасуына əсер етті. Бастапқыда мұсылмандық оңтүстік аймақтарға енді. Х ғасырдың аяғында Ислам діні Жетісу мен Сырдарияда отырықшы халық арасында орнықты. Сол дәуірдің ескерткіші болып саналатын Жүсіп Баласағұнның (1015-1016) «Құдатғу білік» шығармасында мұсылман идеологиясы көрініс тапты.

Ислам дінінің қазақ жеріне енуінің тағы бір кезеңі бұл Алтын Орда дəуірі еді. Өзбек ханның тұсында (1313-1341ж.ж) Ислам діні мемлекеттік дін дəрежесіне көтеріліп, Алтын Орданың қуатты елге айналуына ықпалын тигізді. Көшпелі тайпалардың арасында сопылық ілімнің таралуына еңбегі сіңген Қожа Ахмет Яссауи өз шығармаларын түркі тілінде жазып, Ислам құндылықтарын таратса, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари еңбектері адамзатты ізеттілікке, мейірімділікке, адалдыққа шақырды.

Шариғат заңдары Қазақ хандығы тұсында қоғамдық қатынастарға дендеп еніп, халықтың əдеп- ғұрпы мен дəстүрімен сабақтасып жатты. Қасым хан билік құрған 1511-1523 жылдары Қазақ хандығы нығайып, ірі мемлекетке айналады. Қазақ хандығы тұсында Ислам діні мемлекеттік дін дəрежесіне көтеріледі.

Сол заманның тарихшысы Фазлаллах Ибн Рузбеханның қазақтардың билеуші топтары жөнінде: «Олар құран оқиды, намазға жығылады, өз балаларын мектепке береді»,- деген жазбаларының өзі-ақ бұған дəлел бола алады.

XVIII-XIX ғасырда Қазақ елі Ресей отарына айналғаннан кейін патша үкіметі алғашында Христиан дінін тарата бастағанымен кейінірек бұл күт- кендей нəтиже бермегеннен соң, Ислам дініне бақылауды күшейте түсті. Патшалық Ресейдің Қазақстанда мұсылман дініне жүргізген істерінің астарында отаршылдық саясат жатқандығы айқын еді.

Ислам ықпалының нығаю процессі қазақ қоғамындағы адамдардың құқығы мен міндеттерін, қоғамдық және жеке бас тәртібінің нормаларын анықтайтын әдет-ғұрып ережелеріне және қоғамдық құқықтың дәстүрлі кодексінде де байқалады. Патша әкімшілігінің өкілдері әдет-ғұрып ережелерінің мықтылығына қарамастан: «Мұхаммед дінінің уағыздарының тамырын тереңге жібергені сонша, қырғыздардың халық өмірінің көне адамгершілік негіздері мүлде босаңсыған, қырғыздар халық сотында мешітте молдалар арқылы Құранмен ант ете бастады, сәлде тағып, қажылыққа барып, мұсылмандық фанатизмге бойлай бастады», — деп жазкған. Исламды тек қазақтар ғана емес, Ақмола облысының орыс тұрғындары да қабылдай бастауы Ислам дінінің ықпалының күшейе бастағанын көрсетеді.

1906 жылы Верныйда Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1 құрылтайы өтті. Құрылтайда діни-руханият мəселелері, сонымен қатар діни басқарма құру мəселелері қаралды.
1917 жылдың басында бірнеше діни сипаттағы партиялар құрылып діни мəселелерге мəн бере бастайды.
30-жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін дін өкілдерін де қамтып өтті.
1940- 50 жылдары дін мəселелерін ретке келтіру мақсатында Орта Азия мұсылмандары Діни басқармасы құрылып, бұл діни басқарманың Қазақстандағы өкілі болып Абд-əл-Ғаффар Шамсутдиновті бекітеді.
1975-1979 жылдары бұл басқарманың қазият хатшысы болып Рəтбек қажы Нысанбайұлы қызмет атқарады.1990 жылы өз алдына Қазақстан Діни басқармасы құрылып, бас мүфти болып Рəтбек қажы Нысанбайұлы сайланады. Еліміз тəуелсіздік алғаннан соң азаматтардың діни наным бостандығына жол ашылды деуімізге болады.

1992 жылы «Діни сенім жəне діни қарым қатынастар бостандығы туралы» заң қабылданып жаңадан мешіттер, медреселер, храмдар мен шіркеулер ашылды. Қазіргі күні біз көпұлтты еліміздегі түрлі дін өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүруінің үлгісі ретінде, Елордада өткен əлемдік дəстүрлі дін өкілдерінің басқосуын айта аламыз. Астанада өткен Бүкілəлемдік діни конфессиялардың I,I,III,IV жəне V cъездерінің маңыздылығы сол, еліміз дəстүрлі діндердің рухани келісімінің ордасына айналды деуімізге болады.