Маңғыстау облысында жаңа мешіт ашылды

0
542

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында Басшы Айжанақұлы атындағы мешіт ашылды. Игі шараға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, Бейнеу ауданының бас имамы Адайбек Мақанұлы, дін қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ауданы тұрғындары және Басшы Айжанақұлының отбасы қатысты. Салтанатты рәсім Құран аяттарын оқумен басталса, наиб мүфти жиналған жамағатты құттықтап, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемі мен құттықтауын жеткізе отырып, ашылуы ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген күнімен сәйкес келген бұл құлшылық үйінің елдің ынтымағы мен бірлігін насихаттайтын киелі мекенге айналатынына сенім білдірді. Бас мүфти бұйрығымен жаңа мешіттің имамы болып бұған дейін Бейнеу ауданының бас имамы, Сарға ауылдық мешітінің имамы болған тәжірбиелі дін қызметкері Ұзақбай Түркменбайұлы тағайындалды. Басшы ­Ай­­жанақұлы ме­шітінің жалпы аумағы – 5000 шаршы метр, сыйым­дылығы – 350 адам. 8 мұнаралы, Құран оқу залы мен музейі заманауи құрылғылармен жабдық­талып, ауласы көрнекі тастармен абаттандырылған. Мешіттің іргетасы Бейнеудің ақ ұлутасынан қаланып, сырты Жетібайдың өңделген тасымен безендірілген. Құрылыс жұмыстарына Берікбай Қарамұрзаев басшылық жасаса, тәжірибелі шебер Айтбай Құлтанұлы бастаған мамандар нысан құрылысын мезгілінде аяқтады.