Ислам дініндегі дәстүрлі құндылықтар

0
971

Жалпы адамзат қоғамының ең алғаш бастау алып өркендеуі, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады. Ендігі «Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.Ислам ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін. Халқымыздың болмысына сіңе отырып, Ислам біздің бүгінгі бірегей мәдениетімізді құраған, мемлекеттілігімізді қалыптастырған ата дінімізге айналды.Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі болмақ.  Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мәзһабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мәзһабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Осы мәзһабты ұстанған қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті.    Ислам діні мен қазақ дәстүрлерінің ғасырлар бойғы астасу үдерісінің нәтижесінде шариғат пен әдеттің қатар өмір сүру формалары қалыптасты.Ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Қазақтың өзара астасқан ұлттық және діни дәстүрлерінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан. Бала дүниеге келгеннен «сүйінші сұрау», «азан шақырып ат қою», «шілдехана тойы», «бесікке салу», «қырқынан шығару», «сүндетке отырғызу» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені белгілі. Қорытындылай келе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ   салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген. Жеті атаға дейін қыз алыспау, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді т.б. ғұрыптардың бәрі мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де дәстүрлі Ислам тағылымының аясында да дамуын жалғастырып, өмір сүріп келеді. Нәтижеде дін мен дәстүр үйлесіп бір арнаға түскенде қай қоғамның болмасын алар асуы бағындырар шыңдары көп болмақ