Шетелде білім алудың қауіптілігі неде?

0
1576

Жақсы білім алу — адамға жақсы жұмыс тауып, жоғары табыс табу үшін қажет негіз. Қазіргі таңда елімідегі жастардың белгілі бір бөлігінің арасында терең де жан-жақты сапалы діни білім алу үшін шетелдік теологиялық рухани оқу орындарына түсу қажет деген пікір қалыптасқан. Бірақ, кей жағдайда шетелде теологиялық білім алудың үлкен қауіпі бар екеніне көбшілігі мән бермейді. Халықаралық террористік топтар жастар арасында діни экстремистік идеяларды таратудың әртүрлі тәсілдерін қолданып, өз қатарларына қосу үшін сан түрлі айла ойластырып қойған. Бос уақыты жоқ, достарымен бірге өспеген, әлі жеке тұлға ретінде қалыптаспаған жастар олар үшін таптырмас кандидат болып есептеледі.

Өз елінде базалық діни білім алмаған азаматтар күмәнді теологиялық оқу орындарын бітіріп, өздерінше «таза ислам» идеяларын жинақтап келеді. Сын тұрғысынан ойлаудың жоқтығынан, қазақ халқының менталитетін, мәдениеті мен дәстүрін білмегендіктері олардың тез «сынып» кетулеріне әсер етеді.

Шетелде діни білім алып келген жас жігіт отанына оралып, алған біліміне деген сенімділікпен, өз ортасына «қалай дұрыс өмір сүру керектігін» үйрете бастайды. Әдетте, мұндай «әсер ету сабақтарын» өткізуді олар өзінің жақын адамдарынан (ата-анасы, ағалары, әпкелері, достары және т.б.) бастайды. Сонымен қатар, туыстары теріс білім алып келген жасты күнделікті әлеуметтік өмірге оралуға көндіруге тырысады, бұл «біліммен сусындаған» адамның туыстарынан бас тартуына әкеліп соғады. Жақын адамдарының арасында түсініспеушіліктен көңілі қалған ол келесі кезеңде өзін түсінетін адамдарды «көшеде» іздей бастайды, дәл осы жерде қарапайым исламдық радикалдардың ықпалына түсу ықтималдығы жоғары болады.

Көріп отырғанымыздай, қазақ үшін ғылыми, мәдени орталықтардан білім алу әрқашан маңызды және жауапты дүние болған. Шетелде діни тәлім алу тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта да қайта жаңғырды. Шетелде діни білім алуды артық санайтын немесе зиянды жағы да болатынын түсінбейтін отандастарымыздың саны жыл санап артып келеді.

Қазіргі кезде мемелекет тарапынан діни сауаттылықты арттыру мақсатында теріс идеологияға қарсы иммунитетті дамытуға арналған әртүрлі әдіс-тәсілдер қолданылуда. Осыған байланысты, елімізде азаматтардың діни және дінтанулық білім алуларына мүмкіндік жасалуда. Бұл алған білімдері теріс ағымдағы жолдарға төтеп беруге мүмкіндік береді. Студенттер мен болашақ студенттердің ата-аналарына шетелдік оқу орындарында оқу кезінде мүмкін болатын барлық қауіптерді ескеруге кеңес бергіміз келеді.

Қорытындылай келе, «дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген тұжырымдаманың негізі бар. Сонымен қатар, «дінтану, исламтану және теологиялық білім аламын, білімімді жетілдіремін» деген дінге қызығушы жас ұрпақты шетел аспай-ақ еліміздегі дінтану және исламтану орталықтарынан білім алуға шақырар едік. Ғылыми-тәжірибелік жағынан отанымыздың дінтану мектептерінің жоғары дәрежеде пісіп-жетілгенін қуанышпен байқауға болады.

        Бексұлтан ЖҰМАДІЛЛӘ, 
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы”
КММ-нің теологы