Тұңғыш алкогольсіз әлем чемпионаты жалауын желбіретті

0
484

Қатар елінде осы жылдың басты спорттық жарысы – футболдан әлем чемпионаты басталды. Биылғы біріншіліктің бұрынғылардан екі ерекшелігі бар. Біріншіден, ол тұңғыш рет мұсылман мемлекетінде өтіп жатыр. Екіншіден, футбол стадиондарындағы жанкүйерлер тұңғыш рет жарыстарды сап-сау отырып көретін болды. Өйткені, ел билігі оларға алкогольді ішімдік сатуға тыйым салды. “Ашшы суды” жақсы көретіндерге алкогольсіз сыра ұсынылмақ. Дегенмен, арнайы белгіленген орындарда (фанаймақтар мен отельдерде, т.б.) алкоголь сатылады, алайда шектеулі межеде ғана. Ал стадионға мас күйде келген шетелдіктерді арнайы дайындалған айықтырғыштарға тоғытады. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, спиртті ішімдік сатылмайтындықтан Қатарда қазіргі күні “Карак” деп аталатын ұлттық сусынға деген сұраныс күрт өскен. Ол сүт пен дәмдеуіштер қосылған хош иісті шай. Оның бағасы сырадан 50 есе арзан. Мысалы, сыра 15 доллар тұрса, оның бағасы – бар болғаны 0,3 доллар. Айта кетейік, әлем біріншілігінде алғашқы ойын өтіп үлгерді. Жарыс қожайыны Қатар құрамасы Эквадормен кездесіп, 0:2 есебімен ұтылып қалды.