Онлайн ойындардағы терроризм насихаты

0
781

Қазіргі таңда адамдардың ойын бұзып, қоғамға қауіп төндіретін неше түрлі идеология, көзқарас өкілдері өздерінің «игі ісін» жасырын насихаттаудың жолдарын әбден меңгеріп алды. Мәселен ересек адамдар таңсық нәрсемен өзі айналысып, оны тұтынбаса да, балаларының қолынан қаға алмай отыр. Әлде аса мән бермегендіктен бе, қазіргі кезде қауіпті жасырын насихаты бар ойыншық атаулы мен смартфондардағы ойындардың неше түрі балалардың ермегіне айналды. Бұл қатарға экстремизм мен терроризм насихатын да жатқыза аламыз. Яғни балаларымыз атыс-шабыс, қантөгіс көріністеріне бесіктен белі шықпай жатып-ақ үйірсек боп алды. Оған тағы да қорқынышты ойыншықтар мен смартфондардағы ойындарға тосқауыл қоя алмай отырған үлкендер кінәлі. Өйткені психолог-мамандар баланың агрессиясын оятатын ойындар бүлдіршіндердің қатыгез болып өсуіне, қантөгісті қалыпты жағдай ретінде қабылдауына алып келетінен айтып дабыл қағуда. «Спецназ» және «террорист» болып бөлініп ойнайтын әйгілі «Counter Strike» ойыны әлі күнге ерке баланың да, есті жігіттердің де ермегі десек қателеспейміз. Дәл осы секілді көптеген ойындар балаларға терроризм деген ұғымды қанша жерден жаман етіп көрсеткенмен, ондағы көздің жауын алатын түрлі қару-жарақ, бомба түрлері, одан бөлек атыс-шабыс, қантөгіс көріністері көзі арқылы көкірегіне өтіп, келешекте адам өлтіруді шыбын өлтірумен тең көретіндей жағдайға жеткізбесіне кім кепіл? Осы орайда белгілі психолог, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы, PhD доктор Балабек Кеніштайұлынан компьютерлік ойындардың әр жастағы балаға қалай әсер ететінін сұрап көрген едік. – Қазіргі таңда компьютерге қызықпайтын баланы табу өте қиын. Сондықтан әрбір ересек адам баласының бірге өткізетін уақытының бәріне қызығушылық танытуы керек. Мектеп жасына дейінгі баланың мониторда бақылаусыз уақыт өткізуіне мүлде жол бермеу керек. Өйткені, қазірдің өзінде мүмкіндікті қолдан шығарып алу – болашақта қасіретті нәтижеге әкелуі мүмкін. Виртуалды шындықпен өте тығыз байланыс – мектеп жасына дейінгі бала үшін үлкен қауіп. Ойын құрдастарымен және ата-аналарымен шынайы қарым-қатынасты ауыстырады, бұл уақытта бала үшін нәтиже емес, ойын процесі маңыздырақ болады. Көру мен отыру әдебінің бұзылуына, саусақтардың ұюы, бас ауруы, ұйқының бұзылуына байланысты проблемалар болуы ықтимал. Компьютерлік ойындарға шамадан тыс құмарлық баланы тәуелділікке алып келеді. Тәуелділікке ие болу тұрғысынан әсіресе қауіпті рөлдік компьютерлік ойындарды ерекше атауға болады. Өйткені онда бала компьютерлік кейіпкердің рөлін алады. Виртуалды шындық компьютерлік ойынның шынайы емес әлемін құрайды. Демек, виртуалды әлемде бала бәрін жасай алатын қорқынышты кейіпкер сияқты әрекет ете алады, бірақ шын мәнінде бәрі оңай емес. Осылайша, бала өз-өзіне енеді, өзіне ыңғайлы виртуалды әлемге ұмтылады. Мұның бәрі баланың психикалық жағдайын бұзады, алаңдаушылықтың өсуіне ықпал етеді, – дейді ол. Маманның айтып отырғаны, мектеп жасына дейінгі, яғни 3-6 жастағы балалардың компьютерлік ойындарды қабылдауы. Бұл жерде тек компьютер ғана емес, қазіргі кезде қолымыздағы телефонда да түрлі ойындардың бар екенін әрі ол баламыздың да қолында ғана емес, басында да жүргенін ұмытпауымыз керек.

– Компьютерлік ойындар балалардың өзгелермен қарым-қатынасына кері әсерін тигізетінін ескеріңіз. Әсіресе 6-9 жастағы балалардың құрдастарымен қарым-қатынасында қиындықтар көп болған сайын виртуалды ойындарға көбірек мойын бұрады. Нәтижесінде компьютер немесе смартфон достармен ойнаудың, серуендеудің орнын басады. Бала құрбыларымен сөйлесуді үйренбейді, сөйлеуі дамымайды, болашақта ол қарым-қатынастан мүлдем бас тартуы мүмкін. Бұл сыртқы әлеммен әлеуметтік байланыстарды қалыптастыру проблемаларының пайда болуына ықпал етеді. Әлеуметтік қоғамның күрделі мәселесі – балалардың компьютерге тәуелділігі. Виртуалды әлемге енген соң балалар оқудан да қалып, сауаты төмендейді, достарымен және отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы нашарлайды, – деп сөзін жалғады Балабек Кеніштайұлы. Балаға қатысты кез келген нәрсе маңызды әрі мәселе туындаса, оны шешу кезек күттірмейтіні белгілі. Психологтардың пікірінше, компьютерлік ойындарды ойнайтын адамдардың 14%-ы оған тәуелді болады екен. Бұл тәуелділік кез келген жаста болуы мүмкін, көш басында жасөспірімдер тұр. Яғни 12-16 жастағы балалардың ойынға берілуі зиянды әдеттерге тәуелділіктен кем түспейді. Бұл жөнінде психолог-маман: – Жасөспірім шақта жақсылық пен зұлымдық, мейірімділік пен қатыгездік, достық пен сатқындық, махаббат пен жеккөрушілік ұғымдары қалыптасады. Компьютерлік ойындардың әсерінен шындық қисық айнадағыдай бұрмаланады. Балада эмоционалдық салқындық, оқшаулану, эмпатияға қабілетсіздігі, психологиялық инфантилизм – жауапкершілікті өз мойнына алу, өз іс-әрекетін бақылау қабілеті жоқ. Адекватты тұлға басқа адамдармен жанды қарым-қатынаста ғана қалыптасады. Жасөспірімдер шындыққа деген сезімін жоғалтып, ойындардың сюжеті мен әрекетін шынайы өмірге айналдыра бастайды. Рөлдік компьютерлік ойындар, яғни ойыншы белгілі бір компьютерлік кейіпкерге сюжет бойынша тағайындалған рөлді алатын ойындар белгілі бір проблеманы тудырады деп саналады. Агрессивтілік айқын көрінетін және қатыгездік сипаты бар компьютерлік ойындарда қатыгездік анық байқалады. Зорлық-зомбылық элементтері бар ойындарды жиі ойнайтын балалар да зорлық-зомбылықты қақтығыстарды шешудің ең тиімді жолы деп санайды, – дейді. Демек, «балаңды аясаң, аяма» деген қағида бүгінгі күні өте өзекті болып тұр. Көзін де, көңілін де құртатын ойындарды ойнамауы үшін балаңыздан смартфонды жасырып ұстап, компьютер не ноутбукті тығып қоюдан басқа шара жоқ. Болмаса, не көріп, не ойнап жатқанына мән беріп, баламен ашық сөйлесіп, ондағы кейіпкерлер, көріністер жайлы шүйіркелесіп отыру қажет. Былтыр Ресейдің қаржы мониторинг бойынша федералды қызмет басшысы Юрий Чиханчин ел Президентіне онлайн ойындардағы терроризм насихаты жайлы баяндап, дабыл қаққан болатын. Сондай-ақ 2021 жылдың 11 мамырында Татарстан астанасы Қазан қаласындағы жантүршігерлік оқиғадан кейін осы елдің Президенті Рустам Минниханов жауыздыққа үгіттейтін компьютерлік онлайн ойындарға тыйым салу керектігін мәселе етіп көтерген болатын. Оның айтуынша, ғимаратты жарып жіберу, адамдарды аяусыз өлтіру көріністері бар ойындар балаларды қатыгездікке тәрбиелейді. Татарстан Президентінің сөзін психологтар да қуаттайды. Олардың ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылық тудыратын компьютерлік ойындарды ойнайтын балалармен жүргізген көптеген сынақтарының нәтижесі: компьютерлік ойындар жеке тұлғаның оң даму процесін тежейді, баланы азғын, қатыгез, рақымсыз және өзімшіл етеді…

Жайшылықов Дәуіт Дауылбайұлы,  Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы  Оңалту бөлімінің маманы