Мемлекет пен дін арақатынасын реттеудің зайырлылық үлгілері

0
654

Қоғамдық қатынастағы сан-салалы өзекті мәселелермен бірге мемлекет пен дін қатынасын реттеу ісі де жоғары саяси ұйымның қалыпты дамуына елеулі ықпал ететін негізгі факторлардың бірі десек еш қателеспейміз. Бұл мәселеге немқұрайлы қараған мемлекеттердің іргесі шайқалып, шаңырағы орта түскеніне дүйім жұрт куә. Әсіресе, үшінші мыңжылдықтың табалдырығын қан сасытқан Ауғанстан, Мысыр, Йемен, Ливия, Ирак, Сириядағы саяси оқиғалардың дені осы мемлекет пен дін арақатынасының дұрыс реттелмеуінен туындаған еді.

Халықаралық саясаттың күн тәртібінен түспей тұрған діни экстремизм мен терроризм және деструктивті діни ағымдар тақырыбы тәуелсіз Қазақ елінің мүддесі үшін де өткір тұрған мәселенің бірі. Әдепкіде, тоқсаныншы жылдары дін қатынастарын реттеуде озық тәжірибеміздің болмауына байланысты базбір қателіктерге бой алдырдық. Халықтың діни-сенім бостандығын қамтамасыз ету үшін классикалық зайырлылық қағидаларын басшылыққа аламыз деп ел аумағына қаптаған діни секталардың енуіне жол беріп қойдық. Халықтың басым көпшілігінің діни сенімін құрайтын ислам дінін басшылыққа алған ҚМДБ мен ат төбеліндей аз ғана мүшесі бар діни секталардың заң алдында құқықтық мәртебесі тең еді. Тек, діни азшылық топтың қоғамдық әлеуетіне қарай құқықтық мәртебе беру 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңда» өз шешімін тапты. Мүше санына қарай діни бірлестіктерді жергілікті, өңірлік және республикалық деп үш санатқа бөлудің нәтижесінде ҚМДБ еліміздегі негізгі (Орыс Проваслав шіркеуімен бірге) республикалық мәртебесі бар діни бірлестікке айналды. Қазір құрамында 2600-ден астам мешіті бар ҚМДБ республикадағы жетпіс пайыздан астам халықтың діни ұстанымын білдіретін діни бірлестік болып есептелінеді.

Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңының» преамбуласында «Ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетінің дамуы мен тарихи өміріндегі рөлін танитыны» атап көрсетілді. Сондай-ақ, 2014 жылғы Имамдардың республикалық І форумында қабылданған «Қазақстан мұсылмандары Тұғырнамасында» да ҚМДБ өзінің діни ұстанымы Ханафи мәзһабының құндылықтарына негізделетінін атап өтті. Әсілі, мемлекеттік және қоғамға ықпалы зор әлеуметтік институттардың ресми құжаттарында белгілі бір діни бағытқа оң көзқарас танытушылық мемлекет пен дін қатынастарын реттеудің преференциялық зайырлылық үлгісі болып саналады. Мысалы, ГФР, Ирландия, Ұлыбритания, Польша, Түркия, Мысыр, Малайзия және т.б демократиялық мемлекеттер өз тарихындағы діни тәжірибені ескеріп, халықтың басым көпшілігі ұстанатын дінді қолдайтын зайырлылықтың преференциялық үлгісін ұстанады. Преференциялық зайырлылық – тарихи- діни тәжірибені жаңғырту мен халықтың рухани һәм діни біртұтастығын сақтауда мемлекет пен дін қатынасын реттеудің тиімді үлгісіне жатады. Осы тұрғыда жоғарыда аталған субектілер преференциялық зайырлылық үлгісін өз мүдделеріне ұтымды пайдалана білді.

Мемлекеттің дін мәселелерін реттеудегі преференциялық зайырлылық ұстанымы қазіргі таңда толықтай өзін өзі ақтауда деп айта аламыз. Ендігі ретте мемлекет пен дін қатынасын реттеуді одан әрі жетілдіруіміз үшін біз преференциялық зайырлылықпен қатар идентификациялық зайырлылықтың атрибуттарын да қолданысқа енгізуіміз шарт. Идентификациялық зайырлылық деп – мемлекеттің өз халқының тарихи-діни құндылықтарын негізге ала отырып, қоғамдағы басымдыққа ие діни бірлестік өкілдерімен әріптестік орнатуы, яғни, мемлекет пен басымдыққа ие дін мүддесінің сабақтасуын айтамыз. Бүгінгі таңда идентификациялық зайырлылықты Испания, Ресей, Украина, Эстония, Литва, Латвия мемлекеттері өз тәжірибесінде қолдануда.  Қазақстан мүддесі үшін де идентификациялық зайырлылықтың қолайлы үлгі болатынына сенім арта аламыз. Мысалы, Ханафи мәзһабына негізделген дәстүрлі ислам құндылықтары халқымыздың бай мәдениетінің мәйегін құрайтыны белгілі. Яғни, Ханафи мәзһабының құндылықтары халқымыздың мәдениетімен сабақтасып, ұлт мүддесіне айналып үлгерген десек асыра айтқандық емес. Ал, идентификациялық зайырлылықта тарихи тамыры бар және қоғамда басымдыққа ие дін мен ұлт мүддесі мемлекет мүддесімен тұтастанады. Олай болса, біз мемлекет пен дін қатынастарын реттеуде преференциялық һәм идентификациялық зайырлылықтың қажетті атрибуттарын басшылыққа алған болсақ, ұлттық мүдде мен дәстүрлі дінімізді мемлекет мүддесімен ұштастырып, тұтастығымызды нығайта түсеміз. Әлбетте, бұл теориялық тұрғыдағы ой-пікірдің тәжірибе жүзінде де заңға сыйымды оң тетіктерін табуға болады. Әрі-беріден соң көпшіліктің мүддесіне сай шешімдер қабылдау демократия қағидаттарына да қайшы келмейтіні белгілі.

Самат Уәлихан,

Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің

 маманы