Толеранттылық өзгелерді түсіну жане құрметтеу

0
1008

Толеранттық ( лат. tolerencia — төзімділік) — өзіндік айырмашылықты, өзгешелікті, ерекшелікті мойындау,өзгелерге төзімділікпен қарау, өзге сенімдегі, көзқарастағы, әрекеттегі кісілердің таңдау құқын құрметтеу, қақтығыстарды өзара сұхбат пен келісім арқылы шешу жолын қарастыру, зорлық күшке жүгінбеу, дөрекі, не мәдениетсіз амалдарды қолданбау, кешірімшіл және жанашыр болу секілді осы заман қоғамындағы түрлі сенімдер мен бағыттардың қатар өмір сүру және өзара сәйкесу ережесі.  Көбіне толеранттық ретінде өзгелердің кемшілігіне кешіріммен қарау, айырмашылыққа, бөтендікке төзе білу, басқа түрді қабылдай білу мәселесі айтылады. Толеранттық жеке адамның, әлеуметтік топтардың басқа адамдармен немесе әлеуметтік топтармен қарым-қатынасынан көрініс табады. Ол психологиялық немесе әлеуметтік-психологиялық мінез дәстүрі ретінде; қазіргі қоғамның аса маңызды құндылықтарының бірі ретінде; тәуелсіздікке, дербестікке, идеяларды зорлықпен таңуға жол бермеу ретінде; адам еркіндігін шынжырлайтын діни, этникалық, нәсілдік нанымдардыың кикілжіңін жоққа шығарушы ретінде қарастырылады.

          Толеранттылыққа қарама-қарсы қайшылықтардың (интолеранттылық) адамзат тарихының барлық кезеңінде де болғаны рас. Интолеранттылық шыдамсыз, үрейлі адам, кінәні өзінен емес басқа адамнан іздейді. Сондай адамдардың өмірде жиі кездесуі қоғамда түрлі проблемаларды тудыруға ықпал етеді.

 Соның салдарынан түрлі көтеріліс, діни қудалаушылықтар мен идеологиялық қақтығыстар, ажырасулар, тастанды балалар, жас өспірімдер арасында суицидтер туындайтынын дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарамай, оның алдын алу керек. Толеранттылыққа тәрбиелеу қоғамдағы ересектердің ортасында ғана емес, әрбір отбасында өз бастауын алуы тиіс. Толеранттылық өзі — патриоттықтың құрамдас бір бөлігі болғанымен, одан жалпы мәдениеттің көрінісін байқау қиын емес.

  Патриот болу, өз отбасын, әулетін, ата-анасын, туысқанын жақсы көру, яғни отбасын шын ықыласымен жақсы көру дегенді білдіретіні даусыз. Отбасын сүйген бала ғана Отанын сүйе алатын азамат болып қалыптасады. Олар өз еліндегі, Отанындағы болып жатқан өзгерістерге, берекесіздікке бей-жай қарай алмайды. Толерантты жастар үшін еліміздің тыныштығы мен болашағы әлдеқайда маңызды, өйткені олар жарқын болашақтан үміткер. Отбасы жас ұрпақтарды жеке тұлға ретінде қалыптастырудың қайнар бастауы.

         Көбінесе патриоттықтың бір қыры болып саналатын толеранттылықты бала ес біле, мектепте, жоғары оқу орындарында, тіпті ересектер қатарына келгенде өздері түсініп алады деген жаңсақ пікірлердің де қалыптасқанын байқауға болады. Мұндай жағдайда балаға татулық пен құрметтің негізі болып табылатын төзімділік қасиетін қалыптастыру алшақ қалып, өсе келе төзімсіздіктің соңы қоғамдық ортадағы қарым-қатынас қайшылығына әкелуі әбден мүмкін. Осы тұста, отбасымен әрқашан қатар жүретін тәрбие мен білім беру мекемелерінің рөлін орасан зор деп айтуға болады. Тарбиге тал бесіктен демекші тәриелі білім алу болашақ жастарымыз үшін өте маңызды. Тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы деген.

  Отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болып қалыптаспауы мұғалімдерді де, ата-аналарды да ойландыратын ортақ мәселелер. Балалар отбасындағы ерлі зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, орта буын мен аға буын арасындағы қарым-қатынас, әке-шеше мен бала арасындағы қарым-қатынастардың куәсі болып өседі. Осы кезеңдегі тәрбиеде нені үйренсе, соның бүкіл өміріне әсер етері анық. Ғалымдардың пікіріне сүйенетін болсақ, олар отбасында ата-аналар мен балалар арасындағы тәрбиелік қатынас түрлерін төрт түрге бөледі: «диктаттық», «шамадан тыс қамқорлық» (опека), «араласпау» және «ынтымақтастық». Осы айтылған мәселелерді қолға алсақ біз үшін, болашағымыз үшін үлкен нығмет болары анық.

 Серік БЕКЕУЛОВ,

Шымкент қаласы дін істері басқармасы

«Дін мәселерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теологы.